31-05-23 |
1930 рет қаралған
Мемлекеттік комиссия 300 мыңнан астам саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтаған.
Мемлекеттік комиссия 300 мыңнан астам саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтаған

Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына жасаған жұмыс сапарының барысында Президент Архивіне барып, онда саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы тарихи құжаттардың жиналуы, сақталуы жұмыстармен танысты.

Президенттің Жарлығымен 2020 жылдың қараша айында ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде мемлекеттік комиссия құрылды. Мемлекеттік комиссияның жұмысына қолдау көрсету мақсатында 2021 жылы ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерттеу орталығы ашылды.

Мемлекеттік кеңесшісі, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның төрағасы Ерлан Қарин Президент Архивіндегі арнайы ашылған орталыққа қанша тарихи іс-материалдар берілгені туралы мәлімет жариялады.

«Бүгінге дейін аталған орталыққа 293 мың материал тапсырылды. Оның ішінде, Бас прокуратураның қорынан 117 мың, Ішкі істер министрлігінің архивінен 174 мыңға жуық, Ұлттық қауіпсіздік комитетінен 823 құжат берілді. Жыл соңына дейін Орталыққа 416 мыңдай архив материалдары тапсырылады деп жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, Бас прокуратураның 2,4 миллионға жуық, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 17,3 мыңдай, Ішкі істер министрлігінің 2 мың шамасында архив істері мен құжаттары құпиясыздандырылды.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның жұмыс шеңберінде қазірге дейін 311349 адам ақталды. Мұндай ауқымды әрі жауапты жұмыс алдағы уақытта да жалғаса береді. Өйткені тарихи әділеттің салтанат құру ең маңызды іс», – деді Ерлан Қарин.

Қазіргі уақытта тарихшы-ғалымдар мен орталық қызметкерлері «Алашорда ісі. 1920-1940 жж. Құжаттар мен материалдар» атты көптомдықты баспаға дайындап жатыр. Бұл басылым ХХ ғасырдағы Қазақстанның саяси тарихының ғылыми көкжиегін кеңейтеді. Жалпы, Орталық қорында 260 мың іс, ал архивте 1 миллион 132 мың іс сақталған.

Бүгін 31-мамыр ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні республика бойынша аталып өтіп жатыр.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.