14-06-24 |
9320 рет қаралған
Байқау жас ғалымдарды жігерлендіреді.
Байқау жас ғалымдарды жігерлендіреді

Байқау, түрлі додалар мен сайыстарды өткізудің пайдасы орасан. Мәселен сайыстар саладағы жүйріктерді көпшілік алдында жарыстырып, шын үздіктердің анықталуына көмектеседі. Ал байқаулар белгілі бір саланы ілгерілету, ондағы мамандарды ынталандыру мақсатында қолға алынатыны белгілі. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жас ғалымдарды тәрбиелеуге, олардың жаңа дүниелер жасап, қоғамды алға дамытатын ойларын шындыққа айналдыруына мүмкіндік беру маұсатында түрлі байқаулар ұйымдастыруды үзбей қолға алып келеді. Жыл сайын өтетін «ҚазҰУ-дың үздік жас ғалымы» атты байқауы – осындай ізгі ниетпен қолға алынған мақсаты-мұраты терең шаралардың бірі.
Жыл сайын өтетін бұл байқауды жас ғалымдар асыға тосады. Ортақ талапқа сәйкес, додаға тек 35 жасқа дейінгі жастардың ғана қатыса алатынын ескергеніміз жөн. Сонымен бірге, ғылыми дәрежесі бар жас ғалымдар, PhD-докторлары да байқауда өз қабілет-қарымын көрсетіп, үздіктер қатарынан табылуға мүмкіндік алған. Ұлттық университет сапына енді қосылып, ғылымға жаңа араласқан жандардың да байқауға қатысуына ешқандай кедергі жоқ. Мәселен ғылыми дәреже алмаған магистранттар мен докторанттар өздерінің зерттеу нысандарын, озық жаңашылдықтарын байқау қазыларының қарауына ұсынып, біліктілігін дәлелдеп, үздік атана алады.
Ең бастысы, байқау әділ әрі шынайы өтуі үшін бұған дейін «ҚазҰУ-дың үздік жас ғалымы» атанған ғалымдардың додаға қайта қатысуына шектеу қойылған. Мұның өзі әр жыл сайын жаңа есімдердің танылуына, жаңа толқынның ғылымға келуіне жол ашады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаевтың айтуынша, қазіргі уақытта қара шаңырақта 350-ге жуық жас ғалым еңбек етуде. Ректор оқытушылар құрамына жастарды тартуға ерекше көңіл бөледі. Себебі, жастар – қозғаушы күш. Жастар – студенттердің тілін тауып, мәселесін түсініп, қажеттілігін шынайы ұғынады. Өздері ізденіп, өсе отырып, олар студенттердің де өсуіне, жетілуіне көмектеседі. Жас ғалымдар – студенттерге таптырмас үлгі. Олардың ғылымда жеткен жетістігіне, еңбектегі табысына қарап студенттер де болашақ жоспарын айқындайтын, өздері өнеге тұтқан дас ғалымдардың ізін жалғауға, соңынан еруге тырысады. Сондықтан, жас ғалымдардың ортаға, универсиетет өміріне әкелер жаңашылдығы, оң әсері өте мол.
Университет басшылығы жас ғалымдарды қолдауды жолға қойған. Олардың әлеуметтік мәселелерін оңтайлы шешіп, шетелдерде тәжірибесін шыңдауына мүмкіндік ұсынып қана қоймай, ҚазҰУ жас ғалымдарды байқау арқылы біліктілігін арттыруға, бәсекелес ортада өзін танытуына көмектесіп келеді. Жас ғалымдар байқауы сөзімізге нақты дәлел. Мысалы былтырғы оқу жылында «ҚазҰУ-дың үздік жас ғалымы» атану үшін сұраныс түсіргендер саны көп болды. Соның ішінде әр саланың білікті ғалымдары топтастырылған әділ қазылар алқасы үздік деген 10 жас ғалымның есімін нақтылады. Олардың қатарындағы Серік Хохлов – PhD, доцент. Жас ғалымның жетістігі аз емес. Өз бетінше еңбектеніп, салаға тың серпін беруді алдына мақсат етіп қойған Серік «Астрофизикадағы сандық талдама» деп аталатын зертхана ашқан. Университеттің физика-технологиялық факультетінің жанынан ашылған бұл зертхана физикалық заңдылықтардың негізгі басымдықтарын анықтап, эволюциясын зерделейді, жұлдыздардың айналасындағы денелердің қалыптасуына компьютердің көмегімен талдау жасайды. Жас ғалымның негізгі зерттеу нысаны – қос жұлдыздардың табиғатын түсініп, жердегі тосын жағдайларға оның әсерін айқындау. Бүгінгідей ақпараттық заманда бұл зерттеудің маңызы орасан.
Ал үздік ғалым атанған Қуаныш Тастамбек – фундаментальды медицина кафедрасының аға оқытушысы. Ол биоэнергетика, қоршаған ортаның мониторингі, шағын организмдердің экологиясы, ортаның микробиологиясы тақырыбында терең зерттеулер жасап жүрген ғалым. Қаныш Тастамбектің зерттеулері бүгінгідей экологиялық заманда табиғатты түрлендіріп, залалды жоюға көмектесері талассыз.
Мадина Тұрсымбаева метеорология және гидрологиы кафедрасының ғылыми қызметкері. Өзінің ғылымдағы озық ізденістері үшін Мадина «Болашак» бағдарламасының иегері атанған. Шетелде алған озық білімін ел қажетіне жаратуды мақсат еткен жас ғалымның ауаның сапасын жақсарту, атмосфераны ластанудан қорғау бағытында үлкен зерттеулер жасап жүргенін айта кеткеніміз дұрыс. Ендеше, мұндай ел үшін, азаматтардың өмірі үшін аса маңызды тақырыпты зерттеп жүрген маманның үздік ғалым атануы өте орынды.
Қанагат Кішібаев та көп адамның тісі бата бермейтін физика-химия бағытында ғылыми тұрғыдан зерттеу жасап жүрген маманның бірі. Тынбай ізденетін жас ғалым әр сәтін бос жібермей, ғылымға арнауда. Оны осы уақытқа дейін жазылған 60 ғылыми мақаласына қарап білуге болады. Өзіне талап қоя білетін жас ғалым осы ізденістерінің арқасында жас таланттарға арналған ғылыми стипендианың да иегері атанған.
Ал Арайлым Есенбекова биофизика, биомедицина мен неврология бағытында терең зерттеулер жасап жүрген жас ізденуші. Ғылыми тағылымдама бойынша өткізілген байқауда жеңімпаз деп танылып, арнайы грант иеленген Арайлым биомедицина, адам мен жануарлардың физиологиясы, молекулярлық биология, күйзеліс табиғаты, Қаақстандағы қант диабетін сапалы емдеу бойынша жан-жақты ізденіс жүргізіп келе жатқан, келешегінен үлкен үміт күттіретін маман. Оның зерттеулері медицинаға, оның ішінде қант диабетінен зардап шеккен науқастар өміріне үлкен өзгеріс, оң серпіліс әкеледі деген үміт бар.
Үздік жас ғалым атанған Асқат Құдайбергенов деформацияланатын орталардың сызықты емес механикасы, сызықты емес динамикалық жүйелердің қолданбалы есептерін модельдеу, олардың тұрақтылығын талдау, әртүрлі жүктеме жағдайында серпімді ортадағы толқындық динамика есептерін асимптотикалық шешу бойынша зерттеу жасап, еңбегі өз ортасында ғана емес, ғалымдар арасында жоғары бағаға ие болған жас маман.
Сол сияқты Жазира Сұпиева физическалық химия, катализ және мұнайхимиясы бағытында жүйелі зерттеу жасап келе жатқан ғалым. Ол осы тындырымды жұмысы үшін Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Құрмет грамотасын» да иеленген. Бүгінде жас маман электрохимия, нанотехнология және наноматериалдар, көміртекті материалдар, суды тазарту бағытында ғылыми зерттеулер жасап жүр.
Ал Асан Абдрахманов плазма физикасы, нанотехнология және компьютерлік физика бағытында ғылыми зерттеу жасаумен айналысса, Айжан Талипова – биотехнология саласының үздігі. Міне, жас ғалымдар өмірбаянына үңіліп-ақ, ҚазҰУ тарапынан өткізілген үздіктер байқауының шын жүйріктерді анықтайтынын аңғаруға болады. Бұл әрі университеттің ғылымды дамытуға, жас ғалымдар шоғырын қалыптастыруға ынта танытатытын көрсетсе керек.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.