03-02-21 |
1560 рет қаралған
«Цой шықсын»: Түрлі-түсті футболка киіп, кастрюль ұстаған келіншектер министрге келеді.
«Цой шықсын»: Түрлі-түсті футболка киіп, кастрюль ұстаған келіншектер министрге келеді

Нұр-Сұлтанда Денсаулық сақтау министрлігінің алдында наразылық акциясы өтіп жатыр. Түрлі-түсті киінген әйелдер вакциналау мен адамдарды түстерге бөлетін QR-кодтардың енгізілуіне қарсы.

Қолдарына кәстрөл ұстаған аналар денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың шыққанын талап етіп отыр. Олар адамдарды коронавирусқа байланысты түрлі түстерге бөлетін QR-кодтардың енгізілуіне қарсы екенін айтып шулауда.

«Мен өзімді түске бөлгенін қаламаймын. Ертең сонда мен «қызыл» аймақ болып жүремін бе? Ұлым үйленгісі келсе, «жасылдан» қыз алып жатырмыз деп отырамыз ба? Вакцинацияға да қарсымын, өз балаларыма вакцина салдыртпаймын. Мәжбүрлі емес деудің астарында осындай жатыр. Ертең қызыл түстегілерді ешқайда кіргізбейді, балаларым мектепке бара алмайды. Мен тек дүкенге, дәріханаға ғана кіре аламын», – дейді белсенді Баян Мирас.

Наразы топқа Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз хатшысы Мақсат Төлегенов келіп, QR-коды бар қосымшаның қалай жұмыс істейтінін түсіндірді.

Айтуынша, қосымша міндетті емес және бизнес өкілдеріне арналған.

«Бұл қосымшаның вакцинаға еш қатысы жоқ. Қосымша шектеу шаралары кезінде бизнеске қызметін жалғастыруға мүмкіндік береді. Қазір симтомпсыз ауырып жүрген адамдар бар. Қосымшаның көмегіммен мекеме қожайындары адамдардың мәртебесін анықтап, ПТР-тест оң болса, оны мекемеге кіргізбей, бірден оқшаулайды», – деді ол.

Жуырда цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қазақстандықтар коронавирусқа байланысты қызыл, сары, көк және жасыл түстерге «бөлініп», кейбір мекемелерге QR-код арқылы кіргізілетінін хабарлады. Пилоттық жоба әзірге Spa, фитнес орталық, кинотеатр сияқты мекемелерде қолданылуда. Енді осы орындарға бару үшін арнайы QR-кодты сканерлеп, кіреберісте көрсету қажет. Ал бағдарлама қызыл, сары, көк және жасыл түстермен тәуекел дәрежесін көрсетеді.

Қызыл түс қозғалысты шектеуді, амбулаторлық бақылаудағы адамдар үшін үйде оқшауланудың қатаң режимін сақтауды білдіреді.

Сары – қозғалысты ішінара шектеу – пайдаланушы ПТР деректер базасында науқаспен байланыста болған адам ретінде көрсетілген: пациентке тұратын жерінен 500 метрден аспайтын азық-түлік және шаруашылық дүкендерге, дәріханаларға баруға ғана рұқсат етіледі.

Көк түс шықса, ПТР-тест міндетті саналатын орындарды қоспағанда (мысалы, әуежайда), жүріп-тұруға ешқандай шектеу жоқ деген сөз.

Жасыл мәртебе қозғалыста ешқандай шектеу жоқ екенін білдіреді. Бұл пайдаланушы деректер базасында ПТР-тестілеуден өткен, COVID-19 теріс нәтижесі бар адам ретінде көрсетілген.

Дереккөз: Sputnik Қазақстан

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.