Өткен жылы еліміздегі 60-тан астам шенеунік әлеуметтік осал топтағыларға берілетін үйлер төңірегінде былыққа іліккен. Бірі – көп балалы аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар, ата-ана қамқорынсыз қалғандар мен соғыс ардагерлеріне тиіс баспаналарды заңсыз иемденсе, өзгесі, баспананы жақындарының атына тіркеген. Бірақ мәжіліс депутаттары заңды айналып өткен ақжағалылар бұдан да көп дейді.
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Бүгінде елімізде әлеуметтік тұрғын үйді күткен 556 мың адам бар екен. Кезектің баяу жылжитыны баяғыдан белгілі. Бірақ осы ескі мәселені жақында депутат Ерлік Өмірғали тағы көтерді. Оның сөзінше, өткен жылдың өзінде жағдайы төмен, мүгедек, ата-ана қамқорынсыз қалған балалар және соғыс ардагерлері алуы тиіс баспаналар төңірегінде бірнеше жүз заңбұзушылық тіркелген.
«Соңғы 3 жылда әлеуметтің осал тобына жататындарға берілетін пәтер төңірегінде 400-ден аса заңбұзушылық тіркелген. Нәтижесінде 2 мыңнан астам адамның құқығы бұзылыпты. Әсіресе, шенеуніктер тізімге өзге адамдарды қосып, оларға жақын жандар баспаналарды бірнеше рет алып, жалға берген не сатып жіберген сәттері де болған», – деп жазды депутат Ерлік Өмірғали.
Депутат осыны баяндап, премьер-министрге сауал жолдаған еді. Асқар Мамин жауап беріпті. Кері келген хатта 2020 жылы 61 мемлекеттік қызметші әлеуметтік баспана жайын былықтырып, түрлі жазаға тартылғаны келтірілген. Сондай-ақ ол мемлекеттік бағдарлама аясында үлестіретін үйлерді бақылайтын бірыңғай оператор құруды да ұсыныпты үкімет басшысы. Ал қоғам белсендісі Бақытбол Берімбек басқа ойды ұсынды.
«Тұрғын-үй кезегінде мәселе көп. Наразылық көп болады. Яғни кезек дұрыс болмайды немесе алдына адам салып жібереді дегендей көп даулар туындайды. Меніңше, бұл кезекті ашық сайтқа шығару керек. Кезекті несін жасырады? Әр санаттағы адам бар, солар әкімдіктің сайтына ашық шықсын», – деді қоғам белсендісі Бақытбол Берімбай.
Иә, ашықтық болмаса жағдай жыл сайын қиындамақ. Өйткені аймақтағы шенеуніктер үйді беру кезінде шектен шығып барады.
«Бас прокуратураның мәліметінше, 2020 жылы әлеуметтік баспананы беру кезінде ел ішінде 398 заңбұзушылық анықталған. Әсіресе, Қарағанды облысында көп. Шахтерлар өңірінде шенділер 128 тұрғын үйді тиісті емес адамдарға үлестірген. Маңғыстау өңірінде 53, Батыс Қазақстанда – 38 рет заңды бұзған. Өкінішке қарай, мұндай тенденция барлық аймақта кездеседі».
Біз Қарағанды облысына 100-ден аса үйді қай шенеунік кімге таратқанын білмек болып сауал хат жолдаған едік. Алайда, Жеңіс Қасымбектің қоластындағылар тек 5-ші сәуірде жауап беруге келісті. Есесіне, Қостанай облысының энергетика және тұрғын-үй коммуналдық-шаруашылық басшысы мен қала әкімінің көмекшісіне үй берілгенін анықтадық. Астықты өлкедегілер де жауаптан қашып отыр. Сондықтан олар осы баспананы босатты ма, жоқ па белгісіз. Бұдан басқа тағы бір мәселе бар.
Мына менің артымды тұрған үйлер әлеуметтегі осал топтағыларға берілген. Демек, мүмкіндігі шектеулі жандар, ата-ана қамқорынсыз қалған балалар, соғысқа қатысқан ардагерлерге берілген. Олар жасырмайды, 10-15 жыл күткен пәтерді алғанда, қуанған. Бірақ оның ішіне кіріп көргенде, қуаныштар су сепкендей басылған. Өйткені үйлердің сырты жылтыр болғанымен, іші қалтыр».
«Осы жердегі басты проблемаларды байқаңыздар. Міне, линолеумдарда 7-8 жерде стыктар бар. Қараңыздаршы бір бөлмеде. Былай шықсақ, туалетке келген кезде мына санузелдің түрін қараңыздар. Су ағып тұр. Бірақ изолированный должен быть. Короб жоқ. Кухняда да осы. Балконның бір жерінде де откос жоқ», – деді әлеуметтік пәтер иесі Ермахан Болатбек.
Биыл мамандар үй кезегі жүйесінде 1 миллионнан астам адамның өтініші ережеге сай келмейтінін анықтапты. Оның тек 700 мыңын әкімдіктегілер саралап болған. Соның нәтижесінде 41 мың адам кезектен шеттетілген. Сондықтан мемлекеттен баспана аламын деген қазақстандықтар жүйеден тағы бір рет аты-жөнін тексергені артықтық етпес. Айтпақшы, осы жылы үкімет 22 мың әлеуметтік тұрғын үй салмақ ниетте.
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024