Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Түркіменстанда нан алу үшін кезекте жиі тұрады.

Түркіменстанда нан алу үшін кезекте жиі тұрады.
Түркіменстанның аймақтарында нан мен ұн тапшылығы байқалып отыр деп хабарлайды Азаттықтың Түркімен қызметі — Азатлык радиосы. Дашогуз облысындағы дерек көзінің Азатлык радиосына жолдаған видеода азық-түлік дүкені алдында көп адамның кезекте тұрғаны бейнеленген. Видеоны жолдаған адамның сөзінше, жұрт дүкен алдына нан мен ұн сатып аламыз ба деген үмітпен жиналған. Оны видеодағы адамдардың үзік-созық сөздерінен аңғаруға болады.Куәгерлердің бірінің айтуынша, сол күні дүкен алдына бірнеше жүз адам жиналған.

«Түркіменстанның балама жаңалықтары» тәуелсіз басылымы Дашогуз облысындағы аудандардың біріндегі азық-түлік дүкені алдындағы үлкен кезек туралы хабарлады. Басылым мақаласында жарияланған фотодан ондаған адамның кезекте тұрғанын байқауға болады. Мақалада сатып алушылар мен сатушылар арасында ұрыс-керіс жиі болатыны жазылған.

Азатлык радиосы тілшілерінің хабарлауынша, Түркіменстанда әдетте азық-түлік дүкендері мен өзге де мемлекеттік мекемелер алдындағы кезектегі тәртіпті құқық органдары қызметкерлері қадағалайды. Қазанның 3-і күні Азатлык радиосы хабарласқан тұрғындар Ашғабаттағы банктердің бірінде пластик карталарына түскен зейнетақы мен жәрдемақы ақшасын алуға жиналған жүздеген адам полиция қызметкерлерінің көзінше банкоматқа бұрын жету үшін бір-бірімен таласып-жұлысып қалғаны туралы айтты.

Бұл ақпараттарға қатысты Түркіменстанның билік орындарынан түсініктеме алу мүмкін болмады.

Түркіменстанның ресми басылымдарында елде нан және азық-түлік сатып алуға тұрғындардың кезекте тұратыны жайлы, сол сияқты, әлгіндей оқиғалар туралы еш ақпарат жоқ.

Azattyq.org

Бөлісу