Logo
Іздеу
Айдарлар

Орталық мұражай Ассамблея музейіне ұқсап бара ма?

/
Орталық мұражай Ассамблея музейіне ұқсап бара ма?
Алматыдағы орталық музей, фото: К.Тасболат

Құрылғанына 100 жылға таяу уақыт болған Алматыдағы Орталық мемлекеттік мұражай тек Қазақстанның ғана емес, жалпы Орталық Азияның ең көне және ірі музейлердің біріне жатады. Деректерге сенсек, оның қорында 200-300 мыңға жуық құнды жәдігер бар. Бір айта кетерлігі, музейде антропологиялық, археологиялық, этнографиялық мұрадан бөлек, соңғы жылдары қосылған қазақ жерінде тұратын түрлі диаспоралардың тарихы мен мәдениетіне арналған экспозиция да тұрақты жұмыс істеп тұр. Музейдің ең үлкен залдарының бірі сізді орыс тілінде жазылған «Этнические диаспоры Казахстана» деген картамен қарсы алады.

Бұл картада Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілінде бір ауыз сөз жоқ. Өкінішке қарай, бұл жәйттің өзі Президент баса айтқан «қазақ тілі ұлтаралық қатынас тіліне айналуы керек» деген сөздің әлі де іс жүзінде жүзеге аса қоймағанын аңғартпай ма?

Шыны керек, қазіргідей посткеңестік кеңістіктің өзінде соғыс оты тұтанып, көрші елдің әсіре ұлтшыл саясаткерлері жерімізге көз алартып тұрған заманда атаулы картада Павлодар, Петропавл, Өскеменде қазақ ұлтынан кейін ең ірі диаспора орыстар деп, сарымен белгілеп, барша туристерге паш етудің не қажеті бар еді деген ойға еріксіз келеді екенсің... Тарихи тұрғыдан диаспора картасы маңызды ма, әлде «1991 жылға дейін «Қазақ мемлекеті болмаған» дейтіндерге нақты жауап беретін 1562 жылғы «Cassakia» деген жазуы бар еуропалық карта маңызды ма? Бұл тұста Орталық мұражайға Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің әлемнің түкпір-түкпірінен жинақтаған коллекциясындағы қазақтың көне картасының бірін немесе ғалым Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың XV ғасырларға тиісілі Қазақстан территориясын белгілеген алғашқы еуропалық карта нұсқасын қоюға болмас па еді?

«Ақпыз, қара, сарымыз, Ағайынбыз бәріміз!»

 Кеңес одағынан мұраға қалған бірден-бір саясат – көпұлттылықты дәріптей отырып, ұлттық бірегейліктен бас тарту еді. Кеңес одағында көп ұлт болса да, бір ғана ұлт – аға ұлт ретінде орыс халқы дәріптелгені ешкімге де жасырын емес. Оның мәдениетін бойға сіңіріп, тілінде сөйлеу міндет болды. Бұл концепция білім ордаларында ғана емес, мәдени, тарихи ошақтар, мұражайларда да дәріптелді. Кеңес одағында 150-ге тарта этникалық топ пен халық тұрды, оның ішінде 15 ұлт бөлек мемлекет болып, дербестігін алып үлгерді. Көптеген елдер өз мемлекеттік тілдерін дамыта отырып, кеңестік заманда жүргізілген тарихи санадан арылуға бірден кірісті. «Ұлы Отан соғысы» шын мәнінде Екінші дүниежүзілік соғыс болғанын мойындады, Украинадағы ашаршылық халықаралық деңгейде геноцид деп танылды. Репрессия шындығы ашылып, «халық жауы» деп айдар тағылған мыңдаған адам ақталды.

Қазақ халқы Украинадан кем емес ашаршылықты бастан кешірді. Егер Украинада ашаршылық жылдары 7-ден 10 миллионға дейін адам қаза тапса, Қазақстанда қазақ халқының шамамен 40 пайызы, 2 млн 500 мыңға жуық адам аштықтан қырылған. Ашаршылықта тек қазақ қана емес, түрлі диаспора өкілдері де зардап шекті. Мәселен, аштықтан еліміздегі украиндар 200 мыңға, ұйғырлар 25 мыңға, өзбектер 180 мың адамға кеміген деген деректер бар. Бірақ неге мұражайларда түрлі ұлт өкілдерінің киімдері мен аспаптары тұрады да, ал дәл осындай тарихтың қара беттері көрсетілмейді?

Орталық музейден көрініс

Бір қызығы, елімізде Ассамблеяның қызметімен тікелей байланысты әрі соның аясында түрлі іс-шаралар өтетін Астанадағы Бейбітшілік пен келісім сарайы бар. Бұдан бөлек 2019 жылы Елорданың мектеп-гимназиясында Қазақстан халқы ассамблеясының мұражайы ашылған еді. Еліміздің ірі мегаполистерінің орталығында Достық үйлері бар. Жалпы, Қазақстан бойынша 32 Достық үйі жұмыс істейді екен. Әрбір этномәдени орталықтың өзі ұлттық киімдер мен заттар жиналған минимүзейге ұқсайды. Бірақ қазақпен бірге ашаршылықты, репрессияны басынан өткізген украин, ұйғыр, өзбек диаспораларының сол заманнан қалған бір экспонаты бар ма? Мұның өзі қазаққа түркі тілдес халықтарын ғана емес, кейбір славян халықтарын да жақындастырып, тіпті біріктіретін фактор болмас па еді?

Мұражай концепциясы неге өзгермей тұр?

Тәуелсіздік жылдарынан бері мұражайлар концепциясын өзгерту керек деген идеясын белгілі қоғам қайраткері Берік Әбідғалиұлы айтып жүр. Оның бұл ойын мемлекет кеңесші Ерлан Қарин де қолдап келеді. Естеріңізде болса, осыдан 15 жыл бұрын бізге берген «Ұлттық мәселеде жүйелі көзқарас қажет» деген сұхбатында Ерлан Қарин еліміздегі мұражайлардың кеңестік дәуірдің әдісімен жасақталғанын жасырмаған еді. Бұл тұста танымал саясаткер:

Біздегі мұражайлар кеңестік дәуірдің әдісімен жасалған. Кез келген облыстық, өлкелік мұражайдың жартысы флора мен фаунадан құралады: қасқыр мен түлкінің терісі, қыранның бейнесі, т.б. Қалған жартысы ерте кезеңдегі дәуір деп аталады: жапсырылып құрастырылған бір құмыра, бір-екі жебе, садақ, қылыш. Болды. Одан кейін патшалық дәуір. Бір пілте мылтықпен шектеледі. Одан кейінгі жарты кезең – кеңестік дәуір. Қызыл әскердің киімі, пулеметі. Ал Алаш қайраткерлерін қанша айтсақ та, қай мұражайға барсаңыз да, оларды сол жерден көрмейсіз. Мен Шымкент мұражайында жүріп, таң қалдым. Екі қабатты ғимараттың екінші қабатындағы бір стендте ғана Алаш қайраткерлеріне арналған көп болса 5-6 парақ көшірме қағаз тұр?! Басқа да мұражайларда сондай жағдай. Есесіне кез-келген өлкелік мұражайларда сол жерде шығатын сыраның немесе арақтың бөтелкелері тізіліп тұрады. Сосын жаңа дәуір – егемендік алған кезең. Оның өзі де дұрыс бейнеленбеген, - деген еді.

Қазір де мұражайлар көп өзгере қоймаған. Орталық мұражайда Алаш қайраткерлеріне арналған экспозициядан гөрі диаспораларға арналған зал әлдеқайда үлкен әрі кең. Болмаса Алаш қайраткерлеріне бөлек мұражай арнаса да көптік етпейді. Бұл тұрғыдан Астанада Сәкен Сейфуллинің үй-мұражайы, Алматыда Ахмет Байтұрсынов пен Мұхтар Әуезовтің үй-мұражайлары бар деп қарап отыруға тағы болмас. Алаш қайраткерлері дегенде, Алаш әйелдеріне арналған жүйеленген, толыққанды экспозициялар да жоқтың қасы. Болмаса алғашқы әйел дәрігерлер Аққағаз Досжанова, Гүлсім Асфендиярованың еңбектері мен қызметі, тарихтағы орны неге тұрарлық?

Жалпы, Алаш қайраткерлеріне не үшін қарыздармыз? Алаш қайраткерлері шекарамызды түгендеп, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін айқындап, автономия, дербес ел екенімізді жариялап үлгеруінің арқасында 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік алып, мемлекетті қайта қалпына келтірді. Сондықтан кезінде Ерлан Қарин айтпақшы, тарихшылардың «Ресей империясының отары болғаннан бері Қазақстанда жалпы саны 300-ге жуық көтеріліс болды» деген сөздері жай ұран боп қалмай, мұражайлардан да көрініс табуы керек қой. Бұдан бөлек балбал тастарға арналған бөлек мұражай ашылса да құба-құп.

Мәселен, Ресейдің өзінде 3 000 тарта мұражай бар екен. Олардың басым бөлігі орыс тарихы мен мәдениетіне арналған. Тіпті, Ресейде XX ғасырдағы орыс эмиграциясы мен шетелдегі диаспорасына арналған Александр Солженицын атындағы мұражай бар. Ал 21 жыл Еуропада эмиграцияда жүріп, Қазақстанның тәуелсіздігі мен бостандығы үшін күрескен Мұстафа Шоқай атындағы қазақ эмиграциясының музейі бар ма? Бұл да бөлек мәселе.

Әлемдік мұражайларда қазаққа қатысты экспонат бар ма?

Кез келген империя болған мемлекеттің мұражайларында әлемнің түкпір-түкпірінен алынған адамзат дамуындағы небір құнды жәдігерлер сақталады. Бұл тұрғыдан Лондон мұражайларынан Мысырдағы перғауындардың мумиясынан бастап Орталық Азия елдерінің бағалы жәдігерлерін көруге болса, Ресейдің Эрмитажы мен мемлекеттік тарихи мұражайынан «одақтас» болған көптеген елдердің, оның ішінде қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне қатысты заттарды табуға болады. Қазірше қанша ұлттық жәдігердің Ресейге кеткенін дөп басып айту қиын, себебі деректер ашық емес әрі мүлдем жүйеленбеген.

Танымал журналист Гүлнәр Жұмабекқызы әлемнің көптеген елдерінде болып, мұражайларды салыстырған. Әр саяхатында мұражайлар мен тарихи жерлерді көруге тырысатын Гүлнәр Жұмабекқызы:

Азияның қаншалықты алып әрі әртүрлі екенін, бір-біріне мүлдем ұқсамайтынын Азия Өнер Музейінде тіпті айқынырақ түсінесіз. Оңтүстік Азияның өнер туындылары оңтүстік-шығыс Азиянікінен тіптен бөлек. Гималай мен Тибет буддистік әлемі өзінше бір ғалам. Батыс Азия немесе еуропалықтарға «Таяу Шығыс» елдері өз алдына бір төбе. Парсы өркениеті олардан ерекшеленеді. Бірақ Орталық Азия туралы ештеңе көзге ілінбейді. Тек екі нәрсені көзім шалды. Қытайдың император сарайындағы үстөлдің тасы Орталық Азиядан әкелінген екен. Сосын XVII ғасырдағы Қытай картасындағы «Қазақ» деген жазу бар. Бары осы. Ал Сан-Францисконың Азия өнер музейінде Орталық Азия туралы мәлімет аз. Қазақтар туралы екі рет айтылады. Шаржадағы Ислам музейінде де Орталық Азиядағы исламға қатысты мәліметтер жоқтың қасы деуге болады. Сол жерге неге Түркістанның макетін қоймасқа деген ой келген болатын, - дейді.

Ал Art Qalqa мәдениет саласындағы әйелдерді қолдау орталығының тең төрайымы Айжан Көшкенова Франция, Германия, Италия, Англиядағы арт-галереяларын тамашалаған. Ол Қазақстанға да сондай әлемдік шедеврлер әкелінсе, жастардың көкжиегі кеңейер еді деген ойда:

Диаспора мәселесіне келсек, Пикассо да, Шагал да Францияда шығармашылығын дамытты. Сондықтан, Пикассо да, Шагал да француз суретшілері болып та есептеледі. Егер басқа диаспорадан таланттар шықса, оның этносына ешкім назар салмайды, қай ортада қалыптасқаны маңызды. Қандай мәдени орталық болсын, объективтілік, жәдігердің тарихи-мәдени құндылығы маңызды. Мысалы, бір жолы бір дипломат танысым айтқан, Израильде мамлюктер шапқыншылық жасаған орындар әспеттеліп, сақталған, ескерткіштері де бар деп... Италияның оңтүстігінде Осман империясы шапқыншылығының іздері (мешіт т.б.) сақталған, - дейді.

Жалпы, еліміздегі барша мемлекеттік, өлкелік мұражайлардың бәрін зерттеп, заман талабына сай ұлттық идеологиямен ұштасатын ортақ тұжырымдама бекіту заман талабы. Мұражайларда «Ақтабан шұбырынды», Кенесары көтерілісі, Алашорда үкіметі, репрессия мен ашаршылық, 1986 жылғы көтеріліс сияқты барлық маңызды тарихи кезеңдер қамтылуы керек. Ең бастысы, Қазақстанның әр мұражайында 1465 жылы Қазақ хандығы құрылған сәттен бастап мемлекет атауы жазылған Бельгия, Нидерланд, Англия, Ирландия, Франция, Италия, Германия, Австрия, Шотландия мен АҚШ-тың озық картографиялық баспаларынан шыққан атлас карталары мемлекеттік тілде және ағылшын тіліндегі түсіндірмесімен тұрса, бұл тарихымыздың тереңнен бастау алғанын көрсететін құнды жәдігер болар еді.

Серіктес жаңалықтары