Logo
Іздеу
Айдарлар

«Балқаш» АЭС құрылысы: Үлкен ауылының тұрғындары «экологиялық» төлем ала ма?

/
«Балқаш» АЭС құрылысы: Үлкен ауылының тұрғындары «экологиялық» төлем ала ма?
Сурет: Рixabay

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев ОКҚ брифингінде болашақ «Балқаш» АЭС-інің маңында тұратын ауыл тұрғындары өтемақы төлене ме деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Брифинг кезінде журналистер «Балқаш» АЭС-і салынып жатқан аймаққа жақын орналасқан тұрғындарға қандай да бір өтемақы қарастырыла ма деп сұрады. Жауап ретінде Сұлтанғазиев Үлкен ауылында шамамен 1700 адам тұратынын айтты.

«Ауыл Балқаш көліндегі түбекте орналасқан. Қазір өтемақы немесе қандай да бір экологиялық төлемдер мәселесі талқыланып жатқан жоқ, себебі зиян бар немесе зиян жоқ екені туралы нақты қорытынды әзірге жоқ. Біздің түсінуімізше, Атом энергетикасы агенттігі экологияға да, халыққа да зияны болмайтын заманауи АЭС салу туралы келіссөздер жүргізіп жатыр.
Біздің тараптан қазір индустриялық аймақты дамытуға күш салып жатырмыз. Бұл жергілікті халықтың сол жерде жұмыс істеуіне, тауар, жұмыс, қызмет түрлерін ұсынып, АЭС-ке қатысты жобаларға қатысуына мүмкіндік береді», – деді Сұлтанғазиев.

Әкімнің айтуынша, болашақта өңірде туризмді дамыту өзекті бола бастайды, өйткені аймаққа білікті мамандар келеді. Сол себепті негізгі назар осы бағытқа да аударылады.

Еске сала кетейік, Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылысы биыл тамыз айында басталған еді – Атом энергетикасы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев пен «Росатом» басшысы Евгений Лихачев жобаға ресми түрде бастау берген.

Кейін Қазақстанда алғашқы АЭС-ке атау беру бойынша конкурс ресми түрде аяқталды. Станса «Балқаш» деп аталды. «Балқаш» атауын ұсынған қазақстандықтарға электронды сертификаттар eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы бір ай ішінде жіберілетіні хабарланған.