Logo
Іздеу
Айдарлар

Қонаевта туризмді дамытуға 300 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді

/
Қонаевта туризмді дамытуға 300 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді

Қонаевта 6 шақырымнан астам жағажай абаттандырылады. Бұл туралы Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов мәлім етті. 

Оның мәліметінше, Қонаевта 8 қалалық жағажай бар. Былтыр №5 жағажай бюджет есебінен, ал биыл оның төңірегіндегі 1 шақырым жағажай инвестор есебінен абаттандырылып, қолданысқа берілді. 

«Жағажайдың жаңа кейіпке енуі туристік тартымдылықты арттырды. Мысалы, былтыр қаламызға 1,5 млн демалушы келсе, биыл оның саны шомылу маусымы аяқталмай-ақ 860 мыңнан асып кетті. Орта есеппен алғанда №5 жағажайға күнделікті 1500-2000, демалыс күндері 4500-6000 адам келеді. Бұл өте жақсы көрсеткіш», - деді әкім. 

Асхат Бердіхановтың сөзінше, 7 жағажай №5 жағалаудың стиліне сәйкестіндіріліп жасалады. Яғни, жобада инфрақұрылым, санитарлық аймақтар, жасыл аймақтар, шағын сәулеттік нысандар, композициялар, демалыс орындары мен фудкорттар, қауіпсіздік шаралары қарастырылады. 

«Рауан шағынауданынан бастап 18-шағынауданға дейінгі аумақты қамтитын 6,1 шақырымдық жағалау аймағы кезең-кезеңімен жаңғыртылады. Оның ішінде №5 жағалау қолданыста болса, қалғанының жобалық құжаттары дайындалуда. Биыл шомылу маусымы аяқталған соң, №6 және №7 жағажайда құрылыс жұмыстары басталады деп жоспарлануда. Ал №8 жағажай инвестор есебінен абаттандырылады деп күтілуде», – деді шаһар басшысы.

Сондай-ақ ол коммуналдық жағажайлардан бөлек, 140 демалыс орнына қатысты жоспарлармен бөлісті.

«Қапшағай су қоймасының жағалауында туристік аймақтар өте көп. Оларды да бір реттілікке, қалыпқа келтіру үшін дизайн-код жасалып, ұсыныс беріледі. Кәсіпкерлермен бірлесе отырып, қызмет көрсету сапасын арттыру және демалыс орындарын эстетикалық жағынан үйлестіру көзделіп отыр», - деді Асхат Бердіханов.

Сонымен қатар әкім туризмді дамыту мақсатында бірқатар инвестжобалар жүзеге асатынын атап өтті.

«2025-2028 жылдар аралығында жалпы сомасы 306,4 млрд теңгені құрайтын 11 инвестжоба жүзеге асады деп жоспарлануда. Оның қатарында қонақ үйлер, бассейндер, гольф-клуб, сауда үйлерін және басқа да нысандар бар. Әкімдік тарапынан қажетті мемлекеттік қолдаулар көрсетіліп жатыр», – деді ол. 

Бұған дейін қала әкімі қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша жиын өткізгенін жазғанбыз. Онда тазалық, санитарлық талаптар, қауіпсіздік және тәртіптің сақталуы бойынша нақты тапсырмалар берілген еді.