Logo
Іздеу
Айдарлар

Инь-янь немесе шынайы дін мен жалған ағым

/
Инь-янь немесе шынайы дін мен жалған ағым

Адамзат тарихында ақ пен қара, ізгілік пен зұлымдық, шындық пен жалғандықтың қатар өмір сүріп, өзара күресіп келгені белгілі. Бұл күрес рухани салада да ерекше орын алады. Шынайы дін мен жалған ағымның арасындағы айырмашылық – дәл осы ін-янь философиясындағы тепе-теңдік ұғымымен сипатталса да, олардың табиғаты мүлде бөлек. Шынайы дін адам санасын, рухын кемелдікке жеткізуді мақсат етсе, жалған ағым – адамды адастыру, бөлшектеу, күйрету үшін құрал ретінде пайдаланылады.

Қазіргі жаһандану дәуірінде осы екі құбылысты ажырата білу – рухани аман қалудың кепіліне айналып отыр. Шынайы дін дегеніміз – ғасырлар бойы халықтың жүрегіне ұялап, өмір салтына айналған, адамгершілік пен сабырлылықты, бірлік пен ізгілікті насихаттайтын рухани жүйе. Ол – тек сенім мен ғибадат жүйесі ғана емес, сонымен қатар тұтас өркениеттің мәдени іргетасы, моральдық өлшемі. Мәселен, ислам діні адамды мейірімділікке, адалдыққа, төзімділікке, сабыр мен ынтымаққа шақырады. Мұсылман – тек Аллаға иман келтіріп, өзгеге зиян тигізбейтін, айналасына пайдалы болуға тырысатын жан.

Ал жалған діни ағымдар – осы шынайы діннің сыртқы бейнесін жамылып, өз мақсаттарына жету үшін дінді саясиландыратын, оның рухани мәнін бұрмалайтын топтар мен қозғалыстар. Олар діни мәтіндерді өз түсініктеріне ыңғайлап, жастардың санасын жаулап алуға ұмтылады. Бұл ағымдардың басты белгісі – дінді бөлінушілік құралына айналдыру, қоғамнан оқшаулау, мемлекет заңын мойындамау, ата-баба салт-дәстүріне қарсы шығу.

Қазақстан секілді көпэтносты, көпконфессиялы қоғамда бұл мәселе айрықша маңызды. Еліміз – зайырлы мемлекет. Яғни, дін мемлекеттен бөлінгенімен, діни сенім бостандығы қамтамасыз етілген. Дәл осы еркіндік кей жағдайда теріс мақсаттағы ағымдардың белсенділігін арттыруына себеп болуда. Олар жастардың психологиясын зерттеп, өмірлік қиындықтарға тап болған, рухани ізденістегі жандарды өз қатарына тартуға тырысады. Бұл жерде «инь» – шынайы діннің тыныштығы мен үйлесімі болса, «янь» – жалған ағымдардың бүлікшіл табиғаты мен тепе-теңдікті бұзу әрекеті. Жалған ағымдар діни сауаттың төмендігі, әлеуметтік теңсіздік, жұмыссыздық, шет елге жиі шығу немесе ғаламтордағы сүзгіден өтпеген ақпараттармен шектен тыс танысу секілді ортада жайылады. Бұған қарсы күрес тек қауіпсіздік органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның, ең алдымен, отбасының, мектеп пен мешіттің, ұстаз бен имамның, журналист пен блогердің ортақ ісі болуға тиіс.

Мұндай күресте ең тиімді жол – білім мен ағарту. Діни сауатты арттыру – жалған ағымнан қорғанудың басты қалқаны. Мектеп қабырғасынан бастап жастарға дәстүрлі дін туралы дұрыс түсінік беру, олардың логикалық, сын тұрғысынан ойлау қабілетін дамыту, гуманистік құндылықтарды сіңіру – болашақ ұрпақты экстремизм мен радикализмнен қорғаудың сенімді жолы. Сондай-ақ, шынайы діннің гуманистік, адамгершілік негізін насихаттау – оның жалған ағымдардан айырмасын айқын ашып көрсетеді. Шынайы дін ешқашан зорлық-зомбылыққа, қантөгіске шақырмайды. Ислам діні – бейбітшілік діні. «Кімде-кім бір жазықсыз жанды өлтірсе, бүкіл адамзатты өлтіргенмен тең» деген қағида осының дәлелі. Ал жалған ағымдар діннің осы қағидаларын бұрмалап, «жиһад», «таухид», «ширк» секілді ұғымдарды қате түсіндіреді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) мен мемлекеттік құрылымдар бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізіп келеді. Атап айтқанда, мешіттер жанынан діни сауат ашу курстары, дәстүрлі исламды насихаттайтын онлайн сабақтар мен жазбалар, теріс ағымнан арылған азаматтармен сұхбаттар ұйымдастырылып жатыр. Бұл жұмыстардың мақсаты – шынайы діннің имандылық негіздерін жастарға жеткізу, оларды жалған сенімнен арашалау.

Бүгінгі жаһандану дәуірінде әр адам – өз рухани қауіпсіздігінің күзетшісі. Егер біз әрбір азаматтың, әсіресе жастардың діни сауатын арттырып, ұлттық болмыс пен дәстүрлі діннің қадірін ұғындырсақ, жалған ағымдардың ықпалын азайта аламыз. Шынайы дін мен жалған ағымның айырмасын түсінетін, өз сенімін дұрыс жүйеде ұстанатын тұлға – қоғамның тірегі болмақ. Интернет кеңістігіне ақпарат таратуда да сақ болуымыз қажет. Жалған діни материалдардың таралуын шектеу, тек ресми және сенімді дереккөздерді қолдану – қазіргі қоғамдағы рухани тұрақтылықтың бір шарты. Ақ пен қараны ажырату үшін жарық керек. Сол секілді шынайы дін мен жалған ағымның айырмасын білу үшін – терең білім мен саналы түсінік қажет. «Инь-янь» – тепе-теңдік, үйлесім ұғымы болса, шынайы дін – өмірдегі рухани тепе-теңдіктің, адам мен қоғам арасындағы үйлесімнің іргетасы. Ал жалған ағым – сол тепе-теңдікті бұзатын, қоғамды дағдарысқа ұшырататын деструктивті күш. Сондықтан әр азамат өз рухани жолын таңдағанда мұқият болуға, ұлттық және діни болмысын терең түсінуге тиіс.

Шынайы дін – мәңгілік. Ол ғасырлар бойы сыннан өтіп, өміршеңдігін дәлелдеді. Жалған ағымдар уақытша, өткінші. Сол өткіншіге ермей, мәңгілік құндылықтарды ұстану – бүгінгі қоғамның ең өзекті таңдауы.

Ермек Қыпшақбаев,
“JASTAR” дамыту орталығы” ЖҚБ төраға орынбасары