Logo
Іздеу
Айдарлар

«Қалқаман» метро бекетінің құрылысы шешуші кезеңде

/
«Қалқаман» метро бекетінің құрылысы шешуші кезеңде
Сурет: Әкімдік

Алматыда метрополитеннің бірінші желісінің екінші кезеңіндегі үшінші іске қосу кешенінің құрылысы жалғасып жатыр. Қала әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары аясында «Қалқаман» метро бекеті мен оған жалғасатын тоннельдердегі жұмыс барысымен танысты, деп хабарлайды Arasha.kz.

Сол жақ аралық тоннельде «Б. Момышұлы» бекетінен салынып жатқан «Қалқаман» бекетіне дейінгі аралықта рельстер төсеу толық аяқталды. Тоннель ішінде электрмен жабдықтау кабельдері, су құбыры және дренаж жүйесі тартылды, инженерлік жабдыққа арналған кронштейндер орнатылды. Ендігі кезеңде бейнебақылау, дыбыстық хабарлау, өрт және қауіпсіздік дабыл беру жүйелерін орнату жоспарланған. Сонымен қатар оң жақ перегондық тоннельді қазу жұмыстары жалғасуда: жалпы ұзындығы 1 593 метрдің 1 285 метрі жүргізілді, 308 метрі қалды.

Станцияның өзінде монолиттік құрылымдар аяқталуға жақын, кері топырақ толтыру жүргізіліп жатыр. Ішкі кеңістікте әрлеу жұмыстары, инженерлік коммуникациялар тарту және жабдықты монтаждауға дайындық жүріп жатыр. Барлық өндірістік операциялар тәулік бойы атқарылады. Жалпы нысанда 478-ден астам маман еңбек етуде: оның 149-ы жерасты жұмыстарында, 329-ы – ашық алаңдарда.

Дархан Сатыбалды бекітілген мерзімді қатаң сақтаудың және жұмыстардың жоғары сапасын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Әкімнің айтуынша, «Қалқаман» метро бекетінің құрылысы Алматының көлік жүйесі үшін стратегиялық мәнге ие және метроның батыс бағыттардағы қолжетімділігін айтарлықтай арттырады.

Құрылыс-монтаж жұмыстары 2026 жылдың бірінші жартысының соңына дейін аяқтау жоспарланған.