Екатеринбургте жергілікті әзербайжан диаспорасының басшысы Шахин Шихлинскийдің ұлы – Мутвалы Шихлинский екі айға тергеу изоляторына қамалды. Ол билік өкіліне күш қолданды деген күдікпен ұсталған.
Тергеу мәліметінше, шілде айының басында әкесін ұстау кезінде Мутвалы көлігімен артқа шегініп, арнайы жасақ қызметкерін қағып кеткен. Ол сотта кінәсін мойындап, арнайы жасақ өкілін байқамай соққанын түсіндірген.
Бұл оқиға – Ресей мен Әзербайжан арасындағы шиеленістің ушығуы аясында болып отыр. Маусым айының соңында Екатеринбургте Әзербайжаннан шыққан екі азамат қаза тапқан еді. Бакудің мәліметі бойынша, олар ұстау кезінде алған жарақат салдарынан көз жұмған.
Аталған жағдайдан кейін Баку бірнеше ресейлік азаматты қылмыстық топқа қатысы бар деген айыппен тұтқындап, олардың кейбірінің бет-жүзінде соққы іздері бары анықталған. Сонымен қатар, «Sputnik Әзербайжан» агенттігінің екі басшысы да ұсталып, редакцияда тінту жүргізілген.
Қазіргі таңда Ресей мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынас айтарлықтай шиеленісті күйде. Мутвалы Шихлинскийдің ісі осы күрделі дипломатиялық фон аясында қаралуда.