Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Әлем

Зеленский Ресей және АҚШ-пен үшжақты келіссөз бастауға дайын екенін мәлімдеді

Зеленский Ресей және АҚШ-пен үшжақты келіссөз бастауға дайын екенін мәлімдеді
Владимир Зеленский. Фото: Global Images Ukraine/Getty Images

Украина президенті Владимир Зеленский Ресей мен АҚШ қатысатын үшжақты бейбіт келіссөздерді мүмкіндігінше тезірек бастауды қолдайтынын айтты. Оның сөзінше, тараптардың кездесуі қараша айының басында өтуі мүмкін, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бұл туралы Украина басшысы 21 қазанда журналистермен онлайн форматта өткен кездесуде мәлімдеді. Зеленскийдің айтуынша, Вашингтон Киев пен Мәскеу арасында келіссөздердің жаңа кезеңін ұйымдастыруға ниетті. Украина тарапы аталған бастаманы қолдап отыр.

Украина президенті үшжақты келіссөздердің басты мақсаты соғысты аяқтаудың жолдарын қарастыру екенін атап өтті. Оның түсіндіруінше, алдымен үш елдің келіссөз жүргізетін делегациялары кездесіп, мемлекет басшылары деңгейіндегі ықтимал саммиттің күн тәртібін дайындауы тиіс.

"Біз атысты тоқтатуды да, соғыстың аяқталуын да, энергетикалық бітімді де – кез келген бітім туралы ұсыныстарды қолдаймыз", – деді Зеленский.

Ол келіссөздер барысында бейбітшілік орнату, әскери қимылдарды тоқтату және энергетикалық инфрақұрылымға қатысты уақытша бітім жасау мәселелерінің қарастырылуы мүмкін екенін жеткізді. Сондай-ақ Украина президенті тұтқындарды қайтару сияқты гуманитарлық бастамаларды да қолдайтынын білдірді.

Үшжақты келіссөздер қашан басталады?

Әзірге Украина, Ресей және АҚШ делегацияларының нақты кездесу күні белгіленген жоқ. Дегенмен Зеленский келіссөздердің қараша айының басынан кешіктірілмей ұйымдастырылатынына үміт білдірді.

Бұған дейін АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф Норвегияның Осло қаласында Украина басшысымен келіссөз жүргізген. Ал 21 қазанда Уиткофф Санкт-Петербургте Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті.

АҚШ өкілінің айтуынша, екі қаладағы кездесулер сындарлы өткен. Ендігі кезеңде Украина, Ресей және АҚШ арасындағы келіссөздерді жұмыс топтары деңгейінде жалғастыру жоспарланып отыр.