Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Әлем

"Нағыз алаяқ": Садыр Жапаров Мұхтар Әблязовпен телефон арқылы не сөйлескенін айтты

"Нағыз алаяқ": Садыр Жапаров Мұхтар Әблязовпен телефон арқылы не сөйлескенін айтты
Садыр Жапаров. Фото: Vyacheslav OSELEDKO / AFP via Getty Images

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров қазақстандық оппозиционер Мұхтар Әблязовтың 2020 жылы өзінен ақша сұрағаны туралы мәлімдемесін жоққа шығарды. Керісінше, Жапаровтың айтуынша, Әблязов одан Қазақстанда революция ұйымдастыруға көмектесуін өтінген, деп Arasha.kz тілшісі 24.kg басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қырғызстан басшысы Super.kg порталына берген сұхбатында Мұхтар Әблязовпен телефон арқылы сөйлескенін растаған. Алайда оның сөзінше, бұл әңгіме Әблязов айтқандай 40 минут емес, шамамен екі минутқа ғана созылған.

Жапаров 2020 жылдың қазан айына дейін қазақстандық оппозиционермен жеке таныс болмағанын мәлімдеді.

Қырғызстан президентінің айтуынша, сол кездегі серіктерінің бірі Мелис Әспеков оған телефон ұсынып, Мұхтар Әблязовтың сөйлескісі келетінін жеткізген.

"Бір күні ол маған келіп, телефонын ұсынды. Мұхтар Әблязовтың сөйлескісі келетінін айтты. Мен ештеңеден күдіктенбей, тұтқаны алдым", – деді Жапаров.

Оның сөзінше, Әблязов алдымен Қырғызстандағы 2020 жылғы қазан оқиғаларына қатысты пікір білдіріп, кейін Қазақстандағы саяси өзгерістерге көмектесуін сұраған. Жапаровтың мәлімдеуінше, Әблязов Бішкекке келіп, сол жақтан Қазақстандағы революциялық әрекеттерді ұйымдастыруға ниетті екенін айтқан.

Алайда Қырғызстан басшысы мұндай ұсынысты қабылдамағанын жеткізді.

"Біріншіден, мен көрші елдердің ішкі саясатына араласпаймын. Екіншіден, сіз үшін Қазақстанмен қарым-қатынасымды бұзғым келмейді. Сондықтан келмей-ақ қойыңыз, өз шаруаларыңызбен айналысыңыз", – деген Жапаров.

Қырғызстан президенті Мұхтар Әблязовтың қаржылай көмек сұрағаны туралы сөзін де теріске шығарды. Оның айтуынша, 2020 жылғы қазан оқиғаларынан кейін Әблязовтан ақша сұрауға ешқандай қажеттілік болмаған.

"Егер ол осылай айтып жүрсе, онда нағыз алаяқ болғаны. Мен одан ешқандай ақша сұраған емеспін", – деді Садыр Жапаров.

Ол сол кезеңде елдегі саяси оқиғаларға байланысты уақыты тығыз болғанын және Әблязовпен ұзақ сөйлеспегенін атап өтті.