Тараз қаласына қарасты Түрксіб тұрғын алқабының тұрғындары өздерін ресми түрде қалалықтар деп атағанымен, шынайы өмірлері қалалық тұрмыстан алыс. XXI ғасырда олар электр, су, жол, интернет секілді қарапайым инфрақұрылымнан әлі де қағылып отыр.
Жергілікті халықтың айтуынша, қалалық әкімдік өкілдері аумаққа анда-санда келіп кеткенімен, халықпен ашық кездесіп, мұң-мұқтажын тыңдамайды.
Сондықтан тұрғындар Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевке тікелей жүгініп, жағдайды көзбен көріп, халықтың шағымын өз аузынан естуді сұрап отыр.
«Бізге шенеуніктер келіп жүр, бірақ тексеру үшін емес, фотосуретке түсіп, кері қайту үшін. Бізбен ешкім сөйлеспейді. Ешкім тыңдамайды», – дейді алқаптың тұрғыны Айгүл Қ.
Қалалықтар ма, әлде ұмыт қалған ауыл ма?
Бұрын бұл аумақ Жамбыл ауданына қарасты Бесағаш ауылдық округінің Түрксіб ауылы болатын. Кейін Тараз қаласы кеңейіп, бұл елді мекен қаланың құрамына енген. Алайда статус өзгерсе де, тұрмыс өзгермеген. Тұрғындардың пікірінше, олар қала картасына қосылғанымен, жергілікті биліктің назарынан тыс қалған.
Қазіргі таңда Түрксіб тұрғындары күн сайын полицияның тірек пункті маңында жиналып, билік назарын аудартуға тырысуда. Олар ең болмаса елдің жоғарғы басшылығының назары түссе деп үміттенеді.
«Бізде жарық жиі сөніп қалады, су қысымы мардымсыз, балалар балабақшаға бармайды, көшелерде жарық жоқ, қоғамдық көлік жүрмейді», – дейді тұрғындар.