Ғылым және жоғары білім министрлігінің дерегіне сай 2023-2024 оқу жылында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі оқу орындарында білім алу үшін 642 мыңнан астам студент шетел асқан, - деп хабарлайды Arasha.kz.
Жас ғалымдар мен зерттеушілерге тұрақты қолдау көрсетіп, білімін жетілдіруге, зерттеуін тәжірибеде қолдануына толық мүмкіндік беріп отырған елдің бірі – Қазақстан. Соның арқасында ғылымға желкен салып, өзіндік ізденісін өндірістің нысанына айналдырған жастар баршылық. Осындай талапты жастардың көкірек көзін ашып, таным көкжиегін кеңейтуге де мемлекеттен аз қолдау көрсетіліп жатқан жоқ.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің дерегіне сай 2023-2024 оқу жылында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі оқу орындарында білім алу үшін 642 мыңнан астам студент шетел асқан. Осы талапты шәкірттердің ішінде 255 685-і мемлекеттік тапсырыс бойынша шетелде оқып жатқанын айта кеткен жөн.
Министрлік бүгінде тек бакалаврда ғана емес, магистратура, докторантура, резидентурада оқып, шетелде білім алам деушілерге барлық жағдай жасаған. Бұған қоса, кейінгі жылдары шеберлігін шыңдап, жаңа үрдістерді үйренгісі келген мамандардың тағылымдамадан өтуіне де мүмкіндік ұсынып отыр. Ғылыми тағылымдама аламын, шетелдің мықты ғалымдарының дәрісін тыңдап, қазақ ғылымына үлес қосамын деп ниет еткен жастардың да жаңа бастамаларын жүзеге асыруына жол ашық.
Қазақстандық жастарға жолдама берілетін шетелдік білім ордалары да осал болмауы тиіс. Бұл жағына Ғылым және жоғары білім минитсрлігі ерекше ден қояды. Министр Саясат Нұрбектің айтуынша, шетелдік білім ордаларын таңдағанда олардың әлемдік рейтингтегі көрсеткішіне ерекше назар аударылады. Мемлекет қаржысынан ақша бөлініп, оқыту жоспарланғандықтан бұл оқу орындарының танымалдығы ғана емес, оқытушы құрамы, материалдық-техникалық жағдайы, талапкерлердің еңбек нарқында өз орнын таба білуіне де көңіл бөлінеді.
Сонымен бірге, министр шекара асып біліктілігін көтеруге аттанған жастарды қай мамандыққа оқыту жағына да мән берілетінін атап өтті. Шын мәнінде біздің еліміздің жоғары оқу орындарының бүгінгі ахуалы да әлемнің білім саласындағы көшбасшы университеттерінен бір кем емес. Дегенмен, жаңа технология, техникалық, инженерлік, медицина саласы бойынша әлі де үйренеріміз көп. Сондықтан, еліміздің ынталы жастары ақпараттық технология, инновациялық менеджмент, мемлекеттік саясат, жобаларды басқару бойынша білімін жетілдіруді жөн көреді.
Қазақстандық жастар оқуға жіберілетін елдер мен ондағы жоғары оқу орындарының тізімі де бекітілген. Әлбетте студенттер баратын ел ең алдымен қауіпсіз, жастардың дамуына жайлы жағдай туғызатындай жайлы, бейбіт, саяса жағдайы тұрақты болуы шарт. Осы өлшемге сай іріктелген тізімде АҚШ, Еуропа елдері, Ұлыбритания, Азия елдері, Канада, Ресей және ТМД, Океания сияқты елдерге таңдау жиі жасалады. Әсіресе соңғы уақытта жастардың Венгрия, ҚХР, Польшаң Түркияға басымдық беретіні байқалады.
Жастардың шетелдерде оқығаны, білімін жетілдіругені, елге мықты маман болып оралғаны жақсы. Дегенмен, бұл жерде де басы ашық мәселе бар екенін ұмытпауымыз керек. Ең алдымен жастар жақсы дүниеге, жаңашылдыққа, заманауи үрдістерге қатты қызығады. Сондықтан болар, олардың көбі мектеп бітіре салып өзінің болашағын шетелдермен байланыстырып жатады. Озық елдердің де көздегені осы. Соған орай орай оқу жылы басталмай жатып шетелдің білімді жастарына арнап тегін гранттарға конкурстарды бастап кетеді. Қатарының алды болып жүрген балалар осындай гранттарға өз бетінше қатысып, мектеп бітірмей жатып, үздік оқу орындарының бірнешеуінен шақырту алады. Өзінің жүрегі қалаған оқуға оңай түскен олар өз білімімен университетке түсіп, шетелдің маңдайалды білім ордасының дипломын алған соң оны ешкім отаныңа бар, Қазақстанға қызмет етесің деп міндеттей алмайды. Бұл тұста мықты жастарды елге келуге ынталандыратын, біліміне қарай табысы жоғары жұмыс табуына мүмкіндік беретін алаңдар қалыптастырудың пайдасы орасан. Шетелде оқып жатқан балалармен байланысты ешқашан үзбеу, олардың озық ой-пікірін ел дамуына пайдалану қашанда өзекті.
Екіншіден, біздің мемлекеттің қолдауымен тегін білім алып, маман атанған жастардың да елге келген соң бірден жұмыс тауып кетуі қиын. Бұл жерде өндіріс пен білім беру саласының ара қатынасын ескере отырып, жастарға қанша көлемде білім грантын беру мәселесін шешу керек. Жастар қоғамға керек, әр салада жетіспейтін мамандықтар бойынша ғана білім алғаны абзал. Ал Болашақпен шетелде білім алып, халық қазынасынан қаржы жұмсап, үлкен үміт артылған жастардың елге оралған соң лайықты жұмыс таппауы мемлекетке де, білім саласына да үлкен сын. Мұның соңы бюджет қаржысын тиімсіз жұмсауға қатысты күдік, күмәннің көбеюіне алып келеді. Сонымен қатар, шетелде білім алған жастардың жұмыссыздар сапын толтыруы басқа талапкерлердің білімін шыңдасам, жақсы маман болсам деген талабын төмендететінін де ұмытпайық.
Бұл мәселеге Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов те көпшілік назарын аударды. пікірінше, мидың ағуы мәселесі Қазақстандағы ең өткір және өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Білім саласын жетік білтін Асхат Қанатұлының айтуынша, дарынды жастардың елден кетуімен күресу үшін Ғылым және жоғары білім министрлігі бірқатар мәселені оңтайлы шешкені жөн. Халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарына конкурстан тыс негізде мемлекеттік білім беру грантын беріп қоймай, олардың диплом алғаннан кейін елде жұмыс істеуін міндеттейтін механизмді барынша жандандырған өзекті. Өйткені, міндеттегенмен мәселе шешілмейді. Ең дұрысы, талантты балалардың резюмесін еліміздің мықты компаниялары мен құзырлы мекемелеріне жолдап, бірнеше жұмыс орнын ұсынудың тиімділігі көп. Сонда талантты жастарда таңдау болады. Әрі оларда қоғамға керекпін деген мақтаныш сезімі орнығады. Ал білімді балаға деген сұраныстың жоғары екенін көргеннен кейін басқа жастар да өзіміздегі отандық білім ордаларында білім алуға, үздіктер қатарынан көрінуге күш салады.
Қазақстанда шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары да соңғы кезде жиі ашылуда. Бұл да жастарымызды шетке жібермей-ақ қашықтан оқу арқылы үздік білім ордаларында білім алуға жағдай туғызады. Қазірдің өзінде Қазақстанның ірі қалаларында ашылған беделді шетелдік оқу орындарында білім алып жатқан жастарымыз баршылық. Бұл да болса ақылды, дарынды, ойы ұшқыр, отаншыл жастарды елде алып қалып, қызметке атртудың таптырмас мүмкіндігі.