Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Ғылым

"Кімнің балалары тегін оқып жүр?" – Депутат "Болашақ" бағдарламасындағы заңсыздықтарды әшкереледі

"Кімнің балалары тегін оқып жүр?" – Депутат "Болашақ" бағдарламасындағы заңсыздықтарды әшкереледі
Baona/Getty Images

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек "Болашақ" бағдарламасы аясында бюджет қаражаты есебінен шетелде заңсыз білім алып жүргендердің тізімін жариялауды талап етті, деп хабарлайды Arasha.kz

Депутаттың мәліметінше, 15 үміткер бойынша республикалық комиссияның тиісті шешімі болмаса да, олар шетелде оқып жүр. Сонымен қатар, оның айтуынша, 151 стипендия белгіленген жоспар мен лимиттен тыс беріліп, оған жалпы сомасы 2 миллиард 519 миллион теңге жұмсалған.

"15 үміткер бойынша республикалық комиссияның шешімі мүлдем жоқ, бірақ олар оқып жатыр. 151 стипендия жоспардан тыс, лимиттен асыра, 2 миллиард 519 миллион теңге сомасына тағайындалған", – деді депутат.

Сонымен қатар, депутат Бақытжан Базарбек 71 үміткердің бір-біріне жасырын түрде кепілгер болғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, осы жағдайға байланысты келтірілген шығын көлемі 876 миллион теңгеге бағаланған.

"Менің есебімше, бұл сома 10 миллиард теңгеге жетіп жығылады. Кімнің балалары, кімнің туыстары шетелде "тегін" оқып жүр? Министрлік олардың аты-жөнін анық әрі ашық жариялауы тиіс", – деді Базарбек.

Депутат Бақытжан Базарбек тексеру қорытындысына сүйене отырып, "Болашақ" бағдарламасы арқылы мамандар даярлауға жұмсалған қаражатты қайтару жөнінде сотқа талап арыз беруді ұсынды.

Сонымен қатар, ол Жоғары аудиторлық палатаның есебінде көрсетілген заңбұзушылықтарға қатысы бар тұлғаларды анықтау мақсатында Бас прокуратура мен құқық қорғау органдарының қатысуымен арнайы комиссия құру қажеттігін атап өтті.

"Бас прокуратура мен құқық қорғау органдарының қатысуымен комиссия құрып, Жоғары аудиторлық палатаның 10 миллиард теңге сомасындағы аудит қорытындысында анықталған заңбұзушылықтарға қатысы бар барлық лауазымды тұлғаны анықтау қажет", – деді Базарбек.