Өткен демалыс күндері Каспий жағалауында қайғылы оқиға орын алды. Маңғыстау облысы, Құрық ауылының 39 жастағы тұрғыны Ерлан Шонтабаев Ақтауға жақын демалыс базаларының бірінде үш адамды құтқарамын деп көз жұмды. Бұл туралы Lada.kz хабарлады.
Батырлықпен қаза тапқан Ерлан Шонтабаев отбасы мен достарымен теңіз жағасына демалуға келген. Сол маңда тағы бір топ — екі қыз және екі жігіт — суға түсіп жүрген. Кенеттен қыздар суға батып кете бастаған. Олардың бір досы көмекке ұмтылып, екіншісі айқайлап көмек шақырған.
Айқай дыбысын естіген Ерлан еш ойланбастан суға сүңгиді. Ол қыздарды аман алып шыққан. Бірақ судан жігітті құтқаруға ұмтылған сәтте, жас жігіт үрейге бой алдырып, Ерланның аяғынан тартып алған. Соның салдарынан екеуі де суға батып кеткен.
Марқұмның артында әйелі мен бес баласы қалды. Ең кенже баласы — небәрі 3 айлық.
Құрық ауылында Ерлан Шонтабаевты ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті. Жаназаға туыстары, достары, көршілері мен жергілікті тұрғындар жиналды. Төтенше жағдайлар департаменті де отбасыға қайғырып көңіл айтып, ДЧС басшысы Мұрат Мұхановтың атынан алғыс хат табыстады.
Оқиға орнына жеткен ТЖД қызметкерлері екі ер адамның суға батқанын растады. Қыздар жағалауға өз бетімен жетіп, аман қалған. 1986 жылы туған бір ер адамның денесі жағалаудан 10 метр қашықтықта табылып, шығарылды. Екінші марқұм — 2001 жылғы азамат — түнгі сағат 00:05-те 1,5 метр тереңдіктен, жағалаудан 10-15 метр қашықтықта табылды.