Logo
Іздеу
Айдарлар

Аягөзде ардагер теміржолшыларға арналған ескерткіш тақта ашылды

/
Аягөзде ардагер теміржолшыларға арналған ескерткіш тақта ашылды

Теміржолшылар күні қарсаңында Абай облысындағы Аягөз локомотив пайдалану депосында саланың дамуына өлшеусіз үлес қосқан ардагер теміржолшыларға арналған ескерткіш тақта ашылды, деп хабарлайды Arasha.kz.

95 жылдық тарихы бар депода өткен салтанатты іс-шараға Аягөз қаласының әкімдігі, депо ұжымы, сала ардагерлері мен Астана, Алматы, Семей қалаларынан арнайы келген қонақтар қатысты.

Жиынды ашқан ардагер Серік Акишев ескерткіш тақта ашу бастамасы, оның маңызы мен ардагерлердің өмір жолы туралы баяндады.

Елге белгілі еңбек майталмандары:

  • Шымболат Оразбаев (1934–2021) — 1959–1970 жылдары Аягөз депосында қарапайым жұмысшыдан депо бастығына дейін көтерілген. Кейіннен облыстық деңгейде басшылық қызметтер атқарған. «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері, Семей қаласының Құрметті азаматы.
  • Жақсыбек Аймағамбетов (1913–1988) — Түрксіб құрылысында еңбек еткен, 50 жыл теміржолда тер төккен, «Ленин» орденімен марапатталған ардагер.
  • Жұмағали Балташев (1935–2012) — 43 жыл еңбек етіп, «Халықтар достығы» ордені мен бірқатар медальдардың иегері, Құрметті теміржолшы.

Жиында сөз алған Аягөз қаласының әкімі Асқар Ерланов, теміржолшылар кеңесінің төрағасы Төкен Көпбаев және осы депоны басқарған ардагер Аспан Қажығұлов ардагерлердің еңбегіне тоқталып, жастарға үлгі боларлық естеліктерімен бөлісті.

Аягөз теміржол торабы кадрлар ұстаханасы атанып, еліміздің теміржол саласына білікті мамандарды тәрбиелегендігі ерекше атап өтілді.

Ескерткіш тақтаны орнатуға ұйытқы болған депо басшысы Алмас Жанатқалиев пен бас инженер Асқар Сабырбаевқа алғыс айтылды. Ардагерлердің ұрпақтары — профессор Құмарбек Амирханов, Өмірбек Аймағамбетов және Мейрамғазы Балташев ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, осындай тағылымды жиындарды дәстүрге айналдыруды ұсынды.

Сол күні ескерткіш тақта ашылған ардагерлер рухына арналып ас берілді.