Logo
Іздеу
Айдарлар

Құлдықта жүріп мәжбүрлі түрде 249 баланың әкесі атанған Сека

/
Құлдықта жүріп мәжбүрлі түрде 249 баланың әкесі атанған Сека
Фото: ашық дереккөзден алынды

Пата Сека — Анголада 1830 жылы дүниеге келген, бойы 2 метрден асатын, денелі әрі өте мықты ер адам болған. Оның өмір жолы — Бразилиядағы құлдықтың қатыгез әрі азапты жүйесінің нақты көрінісі. Пата Секаны жас кезінде Бразилиядағы ірі жер иесі Хоаким Жозе де Оливейра сатып алып, оған Хосе Флоренсио деген жаңа есім берген. Алайда оны ауыр жұмысқа емес, ерекше мақсатта пайдаланды — "тұқым алатын құл" ретінде.

XIX ғасырда Бразилияда құлдық — экономика тірегі болды. Африкадан әкелінген құлдардың саны Америкаға барған құлдардың 40 пайызын құраған. 1825 жылы Бразилия Португалиядан тәуелсіздік алғанымен, құлдық жалғаса берді. 1850 жылы халықаралық құл саудасы заңмен тоқтатылғанымен, ішкі сұраныс азайған жоқ. Құл әйелдер бала туып үлгермесе, экономиканың өзі құлдырайтын еді. Сондықтан билік пен құл иелері құлдарды мәжбүрлі түрде көбеюге итермелейтін жүйе құрды.

Осындай жүйеде "тұқымдық құлдар" маңызды рөл атқарды. Олардың міндеті — мықты әрі дені сау ұрпақ қалдыру. Пата Сека — осы жүйенің ең танымал "тұқымдық құлы". Оның генетикасы ерекше бағаланып, ол көптеген құл әйелдермен байланысқа түсуге мәжбүр болған.

Тарихшылардың ресми құжаттарға сүйене отырып есептеуінше, Пата Сека кемінде 249 баланың әкесі болған. Бұл дерек тек тіркелген мәліметтерге негізделген, нақты сан одан да көп болуы мүмкін. Балалардың көпшілігін қожайыны басқа жер иелеріне сатып жіберген немесе өз плантацияларында жұмыс істеуге мәжбүрлеген.

1888 жылы Бразилияда құлдық заң жүзінде жойылған соң, Пата Сека бостандық алған. Оның иесі — Хоаким Жозе де Оливейра — Пата Секаға жер мен үй сыйлаған. Пата Сека өмірінің соңына дейін осы жерде тұрып, "Sítio Pata Seca" атты шағын фермасын басқарған. Ол жерде қант қамысынан жасалатын рападура деп аталатын дәстүрлі тәттіні өндірумен айналысқан.

Ол бұрынғы құл Пальмира есімді әйелге үйленіп, бұл некеден тоғыз бала дүниеге келген. Пата Сека шынайы отбасын алғаш рет осы кезде құрды. Ол адал еңбекпен отбасын асырап, балаларын тәрбиелеп өсірген.

XX ғасырдың ортасына қарай Бразилиядағы Сан-Карлос қаласындағы қара нәсілді тұрғындардың 30 пайызы Пата Секаның ұрпағы болған деген деректер бар. Бұл оқиға — құлдықтың адамгершілікке жатпайтын жүйесін, адамның ұрпағын табыс көзіне айналдырған дәуірді еске салады.

Пата Сека — бостандықты тек құжат жүзінде емес, өз өмірі мен ерік-жігері арқылы жеңіп шыққан адамның символы. Бірақ оның өмір жолы — бізге тарихтағы әділетсіздікті ұмытпау қажеттігін және адам баласының қадір-қасиетін еске салады.