Бүгін Астанадағы Қазмедиа орталығында Ұлттық құрылтай аясында шығарылған "100 кітап" жобасының қорытындысы жарияланды. Шараға зиялы қауым өкілдері, ақын, жазушы-журналистер Төлен Әбдік, Мереке Құлкенов, Бауыржан Омаров, Дихан Қамзабекұлы, Қалқаман Сарин, Мәжіліс депутаттары Жұлдыз Сүлейменова, Мұрат Әбенов, баспагер Раиса Сайран Қадыр, Нұрбек Матжани, тағы басқа азаматтар қатысты. “100 кітапты” таңдауға 100 мыңнан астам адам қатысып, арнайы сауалнамаға жауап берген екен.
Ең қызығы, кітап таңдауда әйелдер қауымы ерекше белсенді бопты. Сауалнамаға жауап бергендердің 73 пайызы – әйелдер болса, 27 пайызы ерлер екен. Жас ерекшеліктеріне келсек, 100 үздік кітапты таңдауға атсалысқан азаматтардың ең жасы – 16-да болса, ең жасы үлкен азамат – 92-де екен.
Қалқаман Сариннің айтуынша, биыл 23 сәуірде тұңғыш рет Ұлттық кітап күні аталып өтіп, онда қазақ әдебиетіндегі ең таңдаулы 100 кітапты анықтау ұсынылған. Таңдалған 100 кітаптың қатарында Абайдың қара сөздерінен бастап Роза Мұқанованың “Мәңгілік бала бейне” шығармасына дейін бар.
Жазушы Төлен Әбдік жоба аясында таңдалған кітаптарға жоғары бағасын берді:
– «100 кітап» жобасы өте дұрыс бастама. Халықтың өзі таңдап, дауыс беріп отыр. Демократияның заңы бар, көпшіліктің дауысы жеңеді. Мұндай жобалар өте қажет. Бұл бастама мұнымен тоқтап қалмауы керек. 100 кітап жобасынан кейін тағы жаңа бастамалар көтеруге болады. Мұның бәрін халыққа түсіндіріп, мәнін көрсетіп, көбірек насихаттау керек, – деп мәлімдеді.
Баспагер Раиса Сайран Қадыр қазір жастар арасында қазақша кітапқа сұраныс артқанын жеткізді. Бұл орайда ол:
– 7 жыл бұрын әлемдік бестселлер Хәрри Поттерді қазақшаға аударып, шығара бастағанымызда, журналистер маған қойған бірінші сұрақ «Қазақтар кітап оқи ма» және «қазақша кітап оқи ма» дегендей сауалдар еді. Пандемияның алдында болған жағдай ғой. Бұл сұрақтар маған өте дөрекі көрінетін. Қазіргі жағдайға келсек, айырмашылық жер мен көктей. Мен оларға «Қазақстан азаматы болса, өз ана тілінде неге оқымайды, әрине, оқиды» деген едім. Сонымен мойымай, қазақша кітаптардың санын арттырып, шығара бердік. Мен жас буынмен көбірек араласқандықтан, жастар арасында кітапқа деген сұраныс ерекше артты дей аламын. Шынымен де, қоғам өзгеріп, алға қарай кетіп бара жатыр. Кітап оқу мәдениеті жақсы қалыптасты, – деген ойын жеткізді.
Ал Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова:
– Бұл қадамның басы ғана. Өйткені Тәуелсіздіктен кейін дүниеге келген жазушыларымыздың да 100 кітабын айқындауымыз қажет деп санаймыз. Бұл сауалнамадан 70 пайыздан астам әйелдер қауымының кітап оқитынын байқап отырмыз. Бұл біз үшін қуанышты жағдай. Анықталған шығармалардың ішінде алғашқы роман “Бақытсыз Жамал”, “Ақбілек”-тің болуы қазіргі қазақ оқырманының әдеби танымын танытады әрі талғамын көрсетеді деп ойлаймын, – деді.
Қалқаман Сарин үздік 100 кітапты таңдау сияқты тәжірибенің әлемде барын айтты. Мәселен, Англияда ВВС ағылшын әдебиетінің үздік 200 кітабын анықтау үшін қоғамдық зерттеу жүргізген екен. Жиналған зиялы қауым өкілдері бұл бастаманың жалғасын табатынына сенім білдірді.