Threads толған ресейліктердің посты. Қазақстанға бару үшін, көшу үшін қандай құжат керек, тіл оқу міндет емес шығар, жұмыс бар ма деген мағынада. Боттар әдейі жаза ма деп парақшасына кірсем, жоқ, шынайы адамдар, деп баяндайды, деп хабарлайды Arasha.kz телеграмдағы сарапшы пікіріне сілтеме жасап.
Сарапшы Threads әлеуметтік желісінде былай деп жазады:
Бір қызығы, құжат бойынша комментте көп кеңес жазылады. Оларды көшіп үлгергендер, ВНЖ, азаматтық алып алғандар жазады, әрине. Бір қызығы, еліміздің шекарасынан өту үшін ресейліктерге шетелге шығу паспорты да керек емес екен. Ішкі паспорты жететін көрінеді. Таң қалдым. Бұлар кімдер? Соғыстан, жұмыссыздықтан қашқандар. Биыл Ресей бюджетінің дефициті 5,8 трлн рубль. Шын мәнінде одан да көп екені белгілі. Талай өңірі банкрот дәрежесінде. Бюджетте ақша жоқ. Жұмыс жоқ, ешкім соғыста дене мүшесі шашылып өлгісі келмейді. Содан шет тілін үйренбейтін орыстілді ел ретінде Белорусь пен Қазақстанды таңдайды. Астана, Алматы - кеңселерде орыс тілі үстемдік құратын қалалар. Жеке, мемлекеттік мектептерде орыстілді сыныптар өте көп. Кафе, клиника, супермаркетте клиентке осы тілде қызмет етеді. Зумер, альфа буын орыстілді болып өсіп жатыр. Оны күнделікті көріп жүрміз. Үйдің чаттары толық орысша. Шетелден біреу келсе, әуежайда бауырсақ ұстап, сәукеле киген қызды алға шығару - әдетіміз. Босқын, жұмыссыз ресейлік үшін керемет қала емес пе? Содан осында жаппай көшіп жатыр. Ал шекара бойындағы қалаларға оралып жатқандар туралы дерек жоқ. 20 жылдан соң Көкшетауда, Петропавлда туғаны есіне түсіп, "туған жеріме оралдым. Бірақ бұл жолы отбасыммен көшіп келдім" деп жазып жатқан ресейлік саны аз емес. Миграция - жаһанданудың бір көрінісі. Бірақ ресейліктер еш жерде тыныш отырмайтыны бесенеден белгілі. Берлинде жыл сайын 9 мамырда парад жасап, төбелес шығарады. Германияны жек көреді. Бірақ Ресейіне ешқашан көшпейді. Гамбургта тұрып, сонда өлуді қалайды. Нью-Йорктің Брайтон-Бич деген ауданында тұрып, АҚШ-ты жамандайды. Путинді ұлықтайды. Бірақ Омск, Томск деген туған жеріне өлсе де оралмайды. Украинадағы соғыс ертелі-кеш аяқталады. Қазақстанға көшіп келгендердің 70-80 пайызы осында қалып қояды деп ойлаймын. Себебі олар Ресей экономикасының постсоғыс кезеңінде қайта оңалуын 10 жыл күткісі келмейді. Жұмыс іздеп, тентіреп жүруді қаламайды. Бірақ тыныш жатпау деген әдеті міндетті түрде оянады. Көрінген жерде өзімен орысша сөйлеуді, ленталарын тағуды талап ете бастайды. Путин, введи войска деп пост жазуды шығаруы мүмкін. Ол ертең соғыста ұтылып, тағы сырттан жау іздеп отырған Кремль үшін керемет себеп болары анық. Өйткені Қырым, Донбастағы жағдай кезінде дәл осылай басталған еді. Ал Оңтүстік Осетия халқына ресейлік паспорт жылдар бойы көп таратылды. Эстонияның Нарва қаласымен де байланысы күшті. Преднестровьенің жайы бөлек. Ал биыл 25 мамыр күні В.Путин ресейлік азаматтарды шетелде қорғау үшін армияны қолдануға рұқсат беретін заңға қол қойды.
Айта кетейік, Қазақстанда "Орыс үйлері" (Русский дом) жұмыс істеп жатыр, ресейлік жоғары оқу орындарының филиалдары да бар, әрі жаңа Конституцияда орыс тіліне мемлекеттік тілмен қатар мәртебе де берілген. Жақында ғана Ресей президенті В.Путин елімізге мемлекеттік сапармен келіп-кетті.