Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Айбек Смадияров "Хабар" агенттігінің директорлар кеңесінің құрамына енді

Айбек Смадияров "Хабар" агенттігінің директорлар кеңесінің құрамына енді
Айбек Смадияров. Фото: Ақорда

Қазақстан Президентінің кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Айбек Смадияров "Хабар" агенттігінің директорлар кеңесінің құрамына енді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бұл туралы ақпарат агенттіктің ресми сайтында жарияланды. Компанияның жалғыз акционері тиісті шешімді 2026 жылғы 2 қазанда қабылдаған.

Айбек Смадияров №477-НҚ бұйрығы негізінде директорлар кеңесінің мүшесі болып сайланған.

Ресми мәліметке сәйкес, оның "Хабар" агенттігінде немесе компаниямен үлестес ұйымдарда акциялары мен қатысу үлестері жоқ. Сонымен қатар агенттіктің жеткізушілері мен бәсекелес компанияларында да акцияларға иелік етпейді.

Айбек Смадияров кім?

Айбек Смадияров 1983 жылы дүниеге келген. Ол 2004 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін бітірген.

Еңбек жолын 2005 жылы бастаған. Кейін Қазақстан Сыртқы істер министрлігі жүйесінде қызмет атқарып, еліміздің Венгрия мен Вьетнамдағы дипломатиялық өкілдіктерінде жұмыс істеген.

2018-2025 жылдары Сыртқы істер министрлігінің ақпарат және баспасөз қызметі бағытындағы басшылық лауазымдарда еңбек етті.

2025 жылдың желтоқсанында Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімін басқаруға тағайындалды.

Ал 2026 жылғы 29 қаңтарда Мемлекет басшысының өкімімен Қазақстан Президентінің кеңесшісі – Президенттің баспасөз хатшысы қызметіне тағайындалған.

Айбек Смадияров I сыныпты Төтенше және Өкілетті уәкіл дипломатиялық дәрежесіне ие. "Халық алғысы" және "Шапағат" медальдарымен марапатталған.