Fonte Capital инвестициялық компаниясы Орталық Азияда алғаш рет споттық биткоин ETF – Fonte Bitcoin OEIC (BETF) қорын іске қосқанын мәлімдеді. Жаңа қаржы өнімі Astana International Exchange (AIX) алаңында саудаланып, аймақтың криптовалюта нарығын дамытуға серпін бермек, деп хабарлайды Arasha.kz.
Алғашқы сауда және қордың ерекшелігі
BETF қорының сауда-саттығы 13 тамыздан басталды. Әр акция нақты биткоинмен толық қамтамасыз етіледі. Қор активтерін сақтау қызметін АҚШ-та тіркелген BitGo Trust атқарады, ол 250 млн долларға дейін сақтандыру кепілдігін ұсынады. Бағасы АҚШ долларымен белгіленіп, қауіпсіздік үшін офлайн суық сақтау жүйесі (cold storage) және жоғары қорғаныс деңгейіндегі қоймалар пайдаланылады.
2021 жылы Қытай майнингке тыйым салғаннан кейін, Қазақстан криптовалюта өндіру көлемі бойынша әлем көшбасшыларының қатарына енді. Энергетикалық әлеуеті мен қолайлы реттеушілік орта бұл саланың дамуына жағдай жасады.
АХҚО юрисдикциясының артықшылығы
BETF Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) аясында тіркеліп, реттеледі. Мұндай құқықтық орта шетелдік эмитенттерге тәуелділікті азайтып, халықаралық санкциялардан қорғаныс береді. АХҚО цифрлық активтерді реттеу бойынша аймақтағы ең сенімді инфрақұрылымды қалыптастырып келеді.
Қырғызстан мен Өзбекстан криптонарыққа әлі сақтықпен қараса, Қазақстан аймақтың ең ашық криптоиндустрия орталығына айналды. BETF сынды өнімдер шетелдік капиталды тартуға, қаржы нарығын әртараптандыруға және елдің цифрлық экономикаға интеграциясын жеделдетуге ықпал етеді.
Инвестициялық мүмкіндіктер
BETF табиғи есеп айырысу жүйесін және төмен комиссиялық мөлшерлемелерді қолданады, бұл инвесторларға биткоин бағасын барынша дәл қадағалау мүмкіндігін береді. Енді Алматыдан да, Лондоннан да AIX арқылы ETF акцияларын сатып алуға болады – криптобиржаларға тіркелу немесе жеке кілттерді сақтау қажеттілігі жоқ.
Компания жайлы
2022 жылы АХҚО аумағында құрылған Fonte Capital әртараптандырылған инвестициялық қорларды басқарады. Компанияның айтуынша, BETF –биткоинді инвестициялық портфельге қауіпсіз әрі ыңғайлы қосу үшін тиімді шешім.