Швейцарияның Цюрих қаласында Хэллоуин мерекесі кезінде ұйымдастырылған рұқсат етілмеген шеру жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Жүздеген адам көшелерде баррикадалар орнатып, оларды өртеген. Полиция шерушілерді тарату үшін су атқыш техника мен арнайы құралдарды қолдануға мәжбүр болды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оқиға 31 қазаннан 1 қарашаға қараған түні Цюрихтің төртінші ауданындағы Лангштрассе көшесі мен Гельвециаплац алаңы маңында болған.
Жергілікті полицияның мәліметінше, сағат 22:30 шамасында бірнеше жүз адам жиналған. Олардың бір бөлігі Хэллоуин костюмдерін киіп, беттерін бүркеген, ал кейбірі қорғаныш көзілдіріктерін таққан. Шеруге солшыл радикалды топтар шақырған. Наразылық білдірушілер милитаризацияға, капитализмге, полиция әрекеттеріне және Газа секторындағы соғысқа қарсылық танытқан.
Бастапқыда шеру салыстырмалы түрде тыныш өткен. Алайда уақыт өте жағдай күрт шиеленіскен. Шеруге қатысушылардың бір бөлігі жолдарға қоқыс контейнерлерін, электрсамокаттар мен электрвелосипедтерді шығарып, баррикадалар жасаған.
Кейін оларды өртеп жіберген. Цвинглиштрассе көшесінде жеңіл автокөлік те отқа оранған. Сонымен қатар қоғамдық көлік аялдамасының әйнектері мен бірнеше дүкеннің терезелері сындырылған. Тәртіпсіздік кезінде полиция қызметкерлеріне тас, бөтелке және пиротехникалық құралдар лақтырылған. Жағдайды бақылауға алу үшін құқық қорғау органдары су атқыш техниканы, тітіркендіргіш газды және резеңке оқтарды қолданған. Өрт шыққан аумақтарға құтқарушылар мен өрт сөндірушілер жұмылдырылған.
Тәртіпсіздік кезінде тағы бір алаңдатарлық жағдай тіркелген. Полицияның хабарлауынша, түн ортасынан кейін Брауэрштрассе көшесінде жол апатынан аяғын ауыр жарақаттап алған жасөспірімге көмек көрсету үшін патрульдік экипаж шақырылған. Алайда оқиға орнына жеткен полицейлерге бір топ адам шабуыл жасаған. Салдарынан полиция көлігі бүлініп, тәртіп сақшылары уақытша шегінуге мәжбүр болған. Бұл олардың жарақат алған жасөспірімге жедел көмек көрсетуіне кедергі келтірген.
Цюрих қалалық полициясының мәліметінше, жағдай түнгі сағат 01:30 шамасында тұрақталған. Тәртіпсіздік салдарынан қала инфрақұрылымы мен жеке мүлікке зақым келген. Алайда келтірілген материалдық шығынның нақты мөлшері әзірге анықталған жоқ.