Гонконгта 168 адамның өмірін қиған алапат өрттің шығу себебіне қатысты жаңа мәлімет жарияланды. Қайғылы оқиғаны зерттеген тәуелсіз комиссия өрттің тұтануына сөндірілмеген темекі тұқылы себеп болуы мүмкін деген қорытындыға келді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Қайғылы оқиға 2025 жылғы 26 қарашада Гонконгтың Тай По ауданындағы Wang Fuk Court тұрғын үй кешенінде болған.
Өрт көпқабатты тұрғын үйлерді шарпып, 168 адамның өмірін қиды. Мыңдаған тұрғын баспанасын тастап кетуге мәжбүр болды.
Апаттан кейін құрылған тәуелсіз комиссия өрттің шығу себептерін, құрылыс жұмыстары кезіндегі қауіпсіздік талаптарының сақталуын және жауапты мекемелердің әрекетін зерттеген.
2026 жылғы 29 қазанда жарияланған қорытындыға сәйкес, өрттің басталуына толық сөндірілмеген темекі себеп болуы ықтимал.
Тексеру барысында ғимараттардың біріндегі 104 және 105-пәтерлердің маңынан екі бүтін темекі тұқылы мен тағы бір тұқылдың қалдығы табылған. Сонымен қатар тергеушілер құрылысшылардың нысан аумағында бірнеше ай бойы темекі шеккенін көрсететін айғақтарды анықтаған. Дегенмен комиссия өрттің нақты темекі тұқылынан басталғанын тікелей растайтын дәлел жоқ екенін атап өтті. Бұл нұсқа жиналған жанама айғақтар негізінде ықтимал себеп ретінде қарастырылған.
Өрт неге тез тараған?
Комиссия өрттің ауқымды сипат алуына құрылыс және жөндеу жұмыстары кезінде жіберілген бірқатар қауіпсіздік бұзушылықтары ықпал еткенін анықтады. Атап айтқанда, ғимараттардың сыртын қаптау кезінде отқа төзімділігі жеткіліксіз қорғаныш торлары мен тез тұтанатын материалдар пайдаланылған. Сол уақытта тұрғын үй кешенінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ғимараттардың сыртына бамбуктан жасалған құрылыс сатылары орнатылған.
Өрт басталғаннан кейін жалын құрылыс материалдары арқылы жоғары қабаттарға жылдам тараған. Оған қоса қою түтін тұрғындардың қауіпсіз жерге шығуын қиындатқан. Комиссия өкілдерінің мәліметінше, кейбір өртке қарсы жүйелердің тиісті деңгейде жұмыс істемеуі де қайғылы жағдайдың ауырлауына әсер еткен.
Тергеу барысында құрылысқа жауапты ұйымдардың жұмысына қатысты елеулі кемшіліктер анықталған.
Мемлекеттік органдардың жауапкершілігі де қаралды
Тәуелсіз комиссия тек құрылыс компанияларының әрекетін ғана емес, өрт қауіпсіздігін қадағалауға жауапты мемлекеттік мекемелердің жұмысын да зерттеген. Қорытындыда бірқатар мемлекеттік органның бақылау жүргізу кезінде кемшіліктерге жол бергені көрсетілген.
Комиссияның бағалауынша, тұрғындар тарапынан бұған дейін түскен шағымдар дер кезінде қаралып, қауіпсіздік талаптары қатаң сақталған жағдайда апаттың алдын алуға мүмкіндік болған. Гонконг әкімшілігінің басшысы Джон Ли қайғылы оқиғаға байланысты кешірім сұрап, қауіпсіздік жүйесін жетілдіру жөніндегі реформалар жүргізілетінін мәлімдеді. Ол жауапты тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріліп, мұндай апаттардың қайталануына жол бермеу шаралары қабылданатынын жеткізді.
Гонконг тарихындағы ең ауыр өрттердің бірі
Еске салайық, 2025 жылғы қарашада Wang Fuk Court тұрғын үй кешенінде шыққан өрт жеті көпқабатты ғимаратты шарпыған.
Тілсіз жауды толық сөндіруге 43 сағаттан астам уақыт кеткен.
Апат салдарынан 168 адам, оның ішінде қызметтік міндетін орындаған өрт сөндіруші де қаза тапты.
Бұл оқиға Гонконгта соңғы ондаған жылда тіркелген ең ауыр өрттердің бірі ретінде тарихта қалды.
Тәуелсіз комиссияның қорытындысы жарияланғанымен, оқиғаға қатысты қылмыстық істер бойынша сот процестері әлі жалғасып жатыр.