Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Әлем

Армения парламентінде депутаттар жаппай төбелесті: Зардап шеккендер бар

Армения парламентінде депутаттар жаппай төбелесті: Зардап шеккендер бар
видеодан скриншот

Армения парламентінде билік пен оппозиция өкілдері арасында жанжал туындап, соңы жаппай төбелеске ұласты. Депутаттар бір-біріне жұдырық жұмсап, парламент отырысын уақытша тоқтатуға тура келді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Оқиға 29 қазанда Армения Ұлттық жиналысында болған. Жанжал Есеп палатасының мүшелігіне үміткерді талқылау кезінде басталған.

Басылым мәліметінше, биліктегі «Азаматтық келісім» партиясының депутаты Тарон Чахоян оппозициялық «Ұлы Армения» фракциясының жетекшісі Нарек Карапетянның отбасына қатысты сыни пікір білдірген.

Атап айтқанда, ол Карапетянның немере ағасының әйелдерге арналған жеке министрлік құру туралы бұған дейін айтқан даулы ұсынысын еске салған.

Бұл сөзге наразы болған Нарек Карапетян орнынан тұрып, қарсы пікір айтып, мінберге қарай бет алған.

Осыдан кейін депутаттар арасында сөзге келіспеушілік басталып, жағдай біртіндеп ушыға түскен.

Көп ұзамай жанжалға өзге парламентарийлер де араласып, мәжіліс залында жаппай төбелес болған.

Әсіресе билік партиясының депутаты Тарон Чахоян мен оппозиция өкілі Гарник Давтян арасында қақтығыс туындаған. Олар бір-біріне жұдырық жұмсауға әрекеттенген.

Оқиға орнында болған басқа депутаттар жанжалдасқан тараптарды ажыратуға тырысқанымен, жағдайды бірден бақылауға алу мүмкін болмаған.

Парламент отырысын жүргізіп отырған вице-спикер Рубен Рубинян бастапқыда үзіліс жариялаудан бас тартқан.

Оның айтуынша, парламентте болып жатқан жағдайды қоғам өз көзімен көруі керек.

Алайда депутаттар арасындағы төбелес күшейген соң отырысты уақытша тоқтатуға тура келген.

Жанжалды басу үшін мәжіліс залына қауіпсіздік қызметкерлері шақырылып, олар қақтығысқа қатысушыларды ажыратқан.

Армениялық бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, төбелес салдарынан бірнеше депутат жарақат алған. Дегенмен жарақаттардың сипаты мен зардап шеккендердің нақты саны жөнінде толық ресми ақпарат жарияланған жоқ.

Парламент отырысында болған оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желілерде тарап, көпшілік арасында талқыланып жатыр.