Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлады Мемлекет басшысының ресми сайты. Күн тәртібіндегі басты тақырып – нашақорлықты күрделі әлеуметтік әрі құқықтық құбылыс ретінде қарастыру.
Жиында наркотизмге қарсы іс-қимыл мәселелері жан-жақты талқыланды.
Басқосуда Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевтың, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың, Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановтың баяндамалары тыңдалды.
Өз сөзінде Президент «Наркотизм – заманның дерті, қоғам үшін аса қауіпті. Ол жастардың болашағына балта шабады. Ұлт саулығына қатер төндіреді. Нашақорлық пен есірткі бизнесіндегі әлемдік үрдіс алаңдатарлық сипатқа ие болды. Көптеген елдің үкіметтері аталған проблеманы физикалық және психикалық тәуелділік қана емес, ауқымды қоғамдық, экономикалық және құқықтық құбылыс ретінде қарастыра бастады» деп айырықша мән берді. Яғни, «наркотизм» деп терминмен атау бұл бағыттағы келеңсіздіктің қаншалықты кең сипат алғанын көрсетеді. Мамандардың сараптауынша, бүгінде «наркотизм» ұғымы «нашақорлық» дегеннен әлдеқайда ауқымды. Бұл жайт әлеуметтік, экономикалық және құқықтық проблемалармен қатар ұлттық қауіпсіздік мәселесімен ұштасып кетті. Сондықтан да Кеңесте есірткі саудасына мүлдем төзбеу керектігіне баса мән берілді. Әсіресе, нашақорлықтың алдын алу шараларын күшейту, білім беру мен ақпарат саласында жұмысты кеңейту тапсырылды.