Logo
Іздеу
Айдарлар

Қазақ тіліндегі балалар контентіне сұраныс артып келеді

/
Қазақ тіліндегі балалар контентіне сұраныс артып келеді
фото: balapan.tv/

K-Research зерттеу компаниясы көрсеткендей, 2024 жылы «Балапан» арнасы басқа балалар хабарларымен салыстырғанда ең жоғары жылдық үлеске ие болған, деп хабарлайды Arasha.kz.

K-Research зерттеу компаниясы көрсеткендей, 2024 жылы «Балапан» арнасы басқа балалар хабарларымен салыстырғанда ең жоғары жылдық үлеске ие болған. Бұл 5,6 пайызды құрайды. Осылайша бұған дейінгі жылдары танымалдық пен қаралым бойынша рейтингтің 9-шы қатарында тұратын телеарна 2024 жылы бірден жағдайын жақсартып, 6-шы қатардан көрінген.

Телеарнаның шығармашылық ұжымы бұған бірнеше себептің түрткі болғанын алға тартып отыр. Біріншіден, балалар контентін жасауға, бүлдіршіндерге арналған телеөнімдер дайындауға мемлекеттен бөлінетін қаржы да қомақты, қолдау да айтарлықтай жоғары. Екіншіден, балалар арнасы мен көрермен арасындағы байланыс жақсы жолға қойылған. Соның ішінде ұл-қызының ертеңіне бей-жай қарамайтын ата-аналар балалардың дамуына, өсуіне не керек екенін, балалардың қандай хабарларды қызығушылықпен көретінін жеткізіп, шығармашылық тобының жаңа ізденістер жасауына, балалармен бірге өсуіне ықпал етуде.

Әрине, теле және интернет-аудиторияда қазақ тіліндегі балалар контентіне қатысты сұраныстың уақыт өткен сайын көбейгені қуантады. Бұл бүлдіршіндердің ана тілін жетік меңгеруіне, ұлттық құндылықтармен қазақ тілінде танысуына, тарих пен салт-дәстүрімізді тереңірек біліп өсуіне көмектеседі. Алдағы уақытта қазақтың өз болмысын көрсететін тарихи тұлғалар, дала батырларын дәріптеген хабарларды да көбейте түскеніміз абзал. Шығармашылық топ енді осы бағытта ізденіс жасаса нұр үстіне нұр болмақ.