Logo
Іздеу
Айдарлар

Салық саласындағы жаңа технология жетістіктері

/
Салық саласындағы жаңа технология жетістіктері
фото: pixabay.com

Салық кодексін жаңғыртумен бірге, салық саясаты бойынша қолға алынған игілікті істердің қатарына жаңа технология жетістіктерін де қосуға болады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Салық кодексін жаңғыртумен бірге, салық саясаты бойынша қолға алынған игілікті істердің қатарына жаңа технология жетістіктерін де қосуға болады. Салық саласын әкімшілендіруде цифрландыру тетіктерін енгізу тұрғындардың уақыты мен қаржысын үнемдеуге мүмкіндік берді. Әсіресе E-Salyq Azamat, E-Salyq Business жобаларының тиімділігін қазірдің өзінде тұтынушылар жоғары бағалауда. 

Мемлекеттік кірістер комитеті іске қосқан E-salyq azamat мобильдік қосымшасы жеке тұлғалардың салық міндеттемелеріне қатысты әртүрлі қызметтерді бір орталыққа жинақтаған. Қосымша ашық, жедел, оңтайлы болғандықтан, оған тіркелген, тұрақты қызмет алатындар қатары да жыл өткен сайын өсіп келеді. Ең бастысы азаматтар қазір үйінен, кеңсесінен шықпай-ақ осы қосымша арқылы электрондық салық әмиянын онлайн толықтырып, пайдалана алады. 

Сондай-ақ салық салу объектілері бойынша деректерді түзетуге де онлайн тапсырыс қабылданады. «Салық салу объектілері» сервисі қызметкердің жеке табыс салығынан бастап, зейнетақы жарналарының, міндетті әлеуметтік аударымдардың және медициналық сақтандыруға әлеуметтік аударымдардың сомаларын қарауға мүмкіндік береді. Ал «Салық және әлеуметтік төлемдер бойынша берешек» сервисі бір мезгілде берешекті төлеп қоймай, берешекті тексеруге жол ашады. Салық мөлшерін де енді «Калькулятор» сервисі арқылы есептеп, анықтауға болады.  

Салық саясатындағы қызметтерді оңтайландыруда өзін-өзі ақтаған жобаның бірі - «E-Salyq Вuѕіпеѕѕ" мобильді қосымшасы. Бұл да ыңғайлылық, тиімділік тұрғысынан көпшілік көңілінен шығып отыр. Осы қосымша арқылы жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге, бақылау-касса машинасының чектеріне тең келетін чектерді беру, кірістерді автоматты түрде есепке алуды жүргізу және фискалдық деректер операторларының қызметтеріне ақы төлеу мүмкіндігі берілген. Сондай-ақ мобильді қосымша арқылы кәсіпкерлер салықты және әлеуметтік төлемдерді есептеп, декларация беру бойынша міндеттемелерін оңай тексереді.