Logo
Іздеу
Айдарлар

«Халықтың тілін білмейтін сот – сот емес, сор»

/
«Халықтың тілін білмейтін сот – сот емес, сор»
фото: egemen.kz

Тәуелсіздік алғаннан бері тіліміз өз төріне шыға алмай келеді. Сот саласында да тіл жайы әлі жадау күйде. Мемлекеттің мәртебесін биіктететін, өзге ұлттардан даралайтын  - ол туған тілі, деп хабарлайды Arasha.kz.

Тәуелсіздік алғаннан бері тіліміз өз төріне шыға алмай келеді. Сот саласында да тіл жайы әлі жадау күйде. Мемлекеттің мәртебесін биіктететін, өзге ұлттардан даралайтын  - ол туған тілі. Міржақып Дулатовтың "Халықтың жайын, салтын, рәсімін, тілін білмейтін сот – сот емес, сор», - деген сөздері дәл қазір өте өзекті боп тұр. Мемлекеттік тілде қаралатын істер саны әлі өспей отыр. Жаңа Қазақстанның судьяларға қоятын жаңа талабы – мемлекеттік тілді білуді міндеттеу болуы керек. Тілге деген құрмет мемлекеттік қызметшілерден, халықпен тығыз байланыста жұмыс жасайтын лауазым иелерінен басталуы тиіс.

Ал, сот процесіне келсек, кейде ресми тілде талап берген тараптың өзі орысша бір ауыз сөз білмей жатады. Талап арызды дайындап берген қорғаушылар жауапкершілікті алмайды. Сондықтан, мемлекеттік тілде талап арыз беруге құлықсыздық танытатын, жосықсыз заңгерлердің әрекетіне тосқауыл  қойылуы қажет. Одан бөлек, мемлекеттік, қаржы, құқық қорғау органдарының көбісінен келіп түсетін талап арыздардың басым көпшілігі орыс тілінде. Сот органдары  мұндай органдардан түскен талап қоюларды орыс тілінде қарауға мәжбүр. Мемлекеттік органдар біртектес талап қоюлар бойынша арыздардың үлгісін жасақтап, тек мемлекеттік тілде талап қоюды міндеттеу керек.

Көшпелі қазақ қоғамының тірегі болған билер соты тарих қойнауында қалып қойса да, оның беделі бүгінге дейін биікте. Қазақ қоғамынан басқа ешбір елде Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билердей төбе билердің бейнесін мемлекеттік деңгейде ұлықтап, ескерткіштерін елорданың қақ тұсына орнатып, ұлықтаған емес. Біз үшін билер соты тарихи құндылық, өшпес тәжірибе, үлгі мен өнеге тұтар мол байлық. Сол байлықты жалғастырып отырған бүгінгі сот билігі өзгерген өмірге қарамастан, әділсоттан таймау керек. Абыройға нұқсан келтірмей, ел сенімінен шығып қалмай еңбек ету мұратымыз. Ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан абыройдың биігін түсіріп алмау үшін білімді, мінезді, бәсекеге қабілетті судьялар корпусын қалыптастыру керек. Бұл жолда материалдық жағдайымызды да түзеп, рухани байлықтарымызды да сақтай отырып, дамудың даңғыл жолын бірге бағындыратынымызға сенемін!

Гүлажар Бақытжанова,

Маңғыстау облыстық сотының

азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы