Logo
Іздеу
Айдарлар

Қазақ операсында режиссер тапшы, шетелден шақыруға мәжбүр

/
Қазақ операсында режиссер тапшы, шетелден шақыруға мәжбүр
Фото: коллаж arasha.kz

Қазақ топырағында кәсіби опера өнерінің қалыптасқанына биыл тоқсан жылдан асты. Осы уақыт ішінде ұлттық опера сахнасы небір белесті бағындырды. «Қыз Жібектен» басталған бұл өнер бүгінде шартарапқа танылып, қазақ әншілері «Ла Скала», «Гранд опера», «Мариинск» сияқты әйгілі театрларда өнер көрсетіп жүр. Дегенмен ұлттық опера мектебі алдында жаңа буын композиторлар тапшылығы, драмалық тенор дауыстарының жетіспеуі, опера режиссерлерінің аздығы сияқты түйткілдер де бар. Біз осы және өзге де мәселелер төңірегінде Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының хор артисі, музыкалық журналист, опера насихаттаушысы Мұса Жексембинмен сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз. 

– Қазақ топырағында опера жанры қайдан бастау алды? Алғашқы кәсіби қойылымдар жөнінде айтып берсеңіз.

– Әу баста опера жанры XVI–XVII ғасырлардың тоғысында Италияда пайда болды. Жалпы, опера – музыкалық драма­тургия­ға сүйеніп, ең алдымен, вокалды музыка арқылы көрерменге ұсынылатын музыкалық-драмалық өнердің күрделі жанры. Операда бірнеше өнер түрі тоғысады: поэзия, драмалық өнер, вокалды және аспапты музыка, би, бейнелеу өнері, декорация мен костюмдер. Бір сөзбен айтқанда, опера – драма мен музыканың синтезінен туған жанр. Италияда пайда болған жанр XVII ғасырдың екінші жартысында Еуропаға кеңінен тарады. XVIII ғасырдың 30-жылдарынан бастап опера Ресей империясында тұрақты сахналана бастады. Қазақ жерінде опера XX ғасырдың 30-жылдары қалыптасты; алғашқы қойылымдар көбіне музыкалық драма (музыкалық пьеса) түрінде берілді. Олар түгелдей қазақтың халық музыкасына, оның ішінде қазақ халық әндеріне негізделіп жазылды. 1934 жылы Е.Г. Брусиловский казақтың тұңғыш операсы «Қыз Жібекті», одан кейінгі жылдары Жұбанов пен Л.А. Хамиди «Абай» (1944), М.Төлебаев «Біржан – Сара» (1946), Қ.Қожамияров «Назугум» (1956), С.Мұхамеджанов «Айсұлу» (1964), Е.Рахмадиев «Қамар сұлу» (1963) және Ғ.Жұбанова «Еңлік-Кебекті» (1975) жазып, ұлттық операның кәсіби тұрғыда негізін қалады десек болады. 

– Қазақтан шыққан алғашқы опералық әншілер кімдер және олардың өнер жолы бүгінгі буынға қалай әсер етті?

 Әрине, опера – халқымыздың төл өнері болмағандықтан, алғашқы кезеңде академиялық арнайы білім алып, опералық вокалды меңгерген кәсіби әншілеріміз болмады. Сол себепті алғашқы опералық партияларды, негізінен, халық әнін шырқаған әнші-артистер орындады. Олардың қатарында Қ.Жандарбеков, Қ.Байсейітов, К.Байсейітова, М.Ержанов, Ү.Тұрдықұлова, Ж.Елебеков сияқты өнерпаздар болды. 1933 жылы өнер жанашырларының бастамасымен құрылған музыкалық студия кейін Қазақ опера және балет театрына айналды. 1940 жылдары бұл ұжымға академиялық білім алған кәсіби әншілер – Ришат пен Мүсілім Абдуллиндер, С.Әбжанов, Ә.Үмбетбаев, Б.Досымжанов, Е.Серкебаев, Р.Жаманова, Б.Төлегенова сияқ­ты орындаушылар қосылды. Олардың көбі тек сахнада ән салып қана қоймай, консерваторияда шәкірт тәрбиеледі. Алғашқы буын шәкірттері ХХ ғасырдың 70-жылдарынан бастап опера сахнасына шықса, кейінгі буын шәкірттері бүгінде қазақ операсының белді өкілдері ретінде өнер көрсетіп жүр. 

– Отандық опера мектебінің қалыптасуына негіз болған тұлғалар деп кімдерді атар едіңіз? 

– Қазақстандағы опера мектебі қазақтың академиялық әншілік өнері мен вокал педагогикасының дамуы профессор, жезтаңдай әнші, соғыс ардагері Бекен Жылысбаевтың есімімен тығыз байланысты. Ол соғыстан кейін Кәукен Кенжетаев, Ермек Серкебаев сынды талантты замандастарымен бірге Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында профессор Александр Курганов­тың класында білім алды. Кейін жарты ғасырдан аса уақыт бойы осы консерваторияда ұстаздық қызмет атқарып, қазақ опера мектебінің кәсіби деңгейде қалыптасуына үлес қосты. Бекен Жылысбаев сан алуан дарынды шәкірттер тәрбиелеп, ұлттық вокал өнерінің биік дәстүрін қалыптастырған тұлға болды.

Бекен Жылысбаевтың шәкірттері қатарында Қазақстан Республикасының халық артистері Нариман Қаражігітов, Зейнеп Қойшыбаева, Мұрат Мұсабаев, сондай-ақ бауырлас қырғыз халқының белгілі өнерпаздары – КСРО халық артисі Тоқтанәлі Сейталиев пен Қыр­ғызстанның халық артисі Сталбек Алмазбеков бар. Сонымен бірге Халық артистері Ғафиз Есімов, Нұржамал Үсенбаева, Шахимардан Әбілов, Еңбек сіңірген артистер Кеңес Бақтаев, Қанат Құлымжанов, Жұмағаным Рахимова, Мұрат Шалабаев, ал Еңбек сіңірген қайраткерлер қатарынан Рымкеш Жұмаділова, Қияқбай Асанбаев, Ұлан Кенжебеков сынды әншілерді ерекше атауға болады. Жылысбаевтың шәкірттерінің бірқатары бүгінде Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында ұстаздық етіп, жаңа буын вокалис­терді тәрбиелеу арқылы қазақ опера мектебінің дамуына үлес қосып келеді.

– Қазақ операсында ұлттық болмыс пен еуропалық классикалық дәстүрдің тоғысуы қалай көрініс тапты?

– Әрине, алғашқы қазақ операсының композиторлары бірден еуропалық классикалық дәстүрді толық қайталауға ұмтылған жоқ. Олар халық музыкасының бай мұрасына сүйене отырып, қазақ халқының жан дүниесін, рухани сұлулығын, өткені мен бүгінін бейнелеуге тырысты. Бұл бағытта Евгений Брусиловскийдің еңбегі айрықша. Е.Г. Брусиловский – қазақ ұлттық операсының негізін қалаушылардың бірі, оның қалыптасып, дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті композитор. Ол опера жанрында қазақтың фольклорын және көркемдік дәстүрлерін жан-жақты пайдаланып, бүкіл шығармашылық қызметінде фольклорлық образдар мен жанрларды кәсіби композициялық тәжірибесімен ұштастырды. Нәтижесінде халықтық сипаттағы өзіндік мелодиялық стиль қалыптастырып, операдағы ұлттық ерекшеліктерді ғасырлар бойы қалыптас­қан классикалық канондармен үйлестіре білді. Осылайша, ол қазақ опера өнерінің көркемдік синтезін жүзеге асырған тұлға болды. 

– Қазіргі отандық опера сахналары репертуар таңдауда қандай бағыт ұстанып отыр? 

– Өзім қызмет ететін Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының репертуарына тоқталатын болсам, негізінен, ол Верди, Пуччини, Россини сияқты италиялық композиторлардың, Чайковский сынды орыс классигінің, сондай-ақ Брусиловский, Төлебаев, Мұхамеджанов, Жұбанов, Рахмадиев, Шанғалиев секілді қазақстандық композиторлардың операларынан құралады. Театр сахнасында белгілі опера композиторларының мерейтойларына арналған қойылымдар да үнемі ұсынылып тұрады. Соңғы жылдары, мысалы, Сыдық Мұхамеджановтың 100 жылдығына орай оның «Жұмбақ қыз» операсы сахналанды. Ал осы маусымда көрерменге Штраустың «Жарқанат» опереттасы жаңа қойылымда ұсынылмақ. 

– Заманауи технология мен медиа құралдарын опера сахнасына енгізу қаншалықты маңызды? 

– Қазір опера өнерінде заманауи технологиялар мен медиа құралдарын пайдалану жай сәнді қосымша ғана емес, жанрды дамытудың әрі жаңа аудитория тартудың негізгі тетігіне айналып отыр. Бұл әсіресе жастарды қызықтыруда маңызды рөл атқарады. Себебі қазіргі қоғамда операны көбінесе «элиталық өнер» немесе «көнеден қалған мұра» ретінде қабылдайды. Мультимедиа, бейнепроекция, 3D-декорация, интерактивті қосымшалар мен онлайн-платформаларды пайдалану осындай кедергілерді жойып, цифрлық дәуірде өскен ұрпаққа операны жақындатуға ықпал етеді. Заманауи технологиялар бұрын мүмкін болмаған визуалды әрі акустикалық әсерлер тудыру арқылы сахналық мүмкіндіктерді кеңейтеді, кей жағдайда автордың шығармашылық идеяларын жаңа формада жеткізуге мүмкіндік береді.

Бүгінгі композиторлар мен режиссерлер өз жұмысында бейне-арт, цифрлық графика, тіпті ЖИ элементтерін қолдана бастады. Мәселен, өткен маусымда Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында композитор Хамит Шанғалиевтің «Хан Сұлтан» операсының тұсауы кесілді. Қойылымда заманауи технологияның сахна өнерін байыта түсетіні айқын көрінді: динамикалық жарықтандыру шешімдері мен мультимедиалық проекциялар сәтті қолданылды. Соның нәтижесінде спектакль айрықша әсерлі болып, сахналық әрекеттің мәнерлілігі арта түсті. Мұндай тәсілдер көрерменге операның тарихи контексіне және эмоциялық әлеміне тереңірек бойлауға мүмкіндік беріп, классикалық дәстүр мен жаңашылдықтың бір сахнада үйлесімді өмір сүре алатынын көрсетті. 

– Опера өнеріне жастарды тартудың тиімді жолдары қандай болуы керек?

– Жалпы алғанда, елімізде жастардың опера өнеріне деген қызығушылығы жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, өзім оқыған 2000 жылдардың басында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының жеке ән салу кафедрасында бірінші курста орта есеппен 25–30 студент білім алса, қазір жыл сайын 45–50-ге жуық жас маман оқуын тамамдап, қолына диплом алып жатыр. Әрине, олардың барлығы бірден театр труппасына кірмейді: солардың ішінде ең талантты деген 4–5 түлек қана стажерлік топқа қабылданып, кейін солист болуға мүмкіндік алады. Жас буынды тарту мен даярлау ісінде «Astana Opera» халықаралық опера академиясының рөлі айрықша. Бүгінде бұл академия тек қазақстандық емес, шетелдік театрлар үшін де кәсіби мамандар даярлап отыр. Оның ерекшелігі – бірнеше сатылы байқаудан өткен жас артис­тер екі жылдық оқу барысында вокалдан жеке сабақ алумен қатар, музыка теориясы мен кәсіби дайындыққа қатысты пәндерді оқып, біліктілігін шыңдайды. Сонымен қатар әлемге танымал опера әншілерімен тәжірибе алмасып, беделді ұстаздардың шеберлік сабақтарына қатысуға мүмкіндік алады. Осы секілді жобалар елімізде көбірек ұйым­дастырылса, Қазақстандағы кәсіби вокал мектебі одан әрі дамып, жалпы музыка мен опера өнеріне қызығатын жастардың қатары айтарлықтай артар еді.

– Отандық опера орындау­шыларының деңгейі халықаралық талаптарға қаншалықты сәйкес келеді?

– Опералық әншілердің әлемдік стандартқа сай кәсіби деңгейге жетуі үшін оларға жоғары талап қойылады. Ең алдымен, вокалдық шеберлік пен актерлік қабілет қажет. Сонымен бірге бірнеше тіл білу, әр халықтың мәдениетінен хабары болу, сахнадағы образды сенімді жеткізу үшін физикалық тұрғыда да жақсы дайындық керек. Әншінің кең диапазоны мен вокалдық техникасы жеткіліксіз: ол орындап отырған операның дәуірін, стилін терең түсініп, кейіпкердің бейнесін ашып, эмоция­сын көрер­менге жеткізе білуге тиіс. Бір сөзбен айтқанда, опера әншісі – вокалдық шеберлігі, актерлік таланты, музыкалық дарыны және жанрды терең түсіну қабілеті тоғысқан жоғары санаттағы артист.

Қазақстанда осындай талаптарға сай келетін әйгілі әншілеріміз аз емес. Мәселен, 1971–1973 жылдары әлемге әйгілі «Ла Скала» театрында ән шырқаған марқұм Амангелді Сембин, 2000 жылдардың басында Францияның «Гранд опера», «Лоррейн ұлттық операсы», «Ренн операсы», «Бордо ұлттық операсы» және АҚШ-тың «Вашингтон ұлттық операсы» сахналарында жұлдыздай жарқыраған Майра Мұхамедқызы, 20 жылдан астам Германияның «Крефельд пен Мёнхенгладбах біріккен опералық театрында» еңбек етіп жүрген тенор Қайыржан Жолдыбаев, Австрияның «Тироль» опералық театрының тұрақты солисі, сопрано Лада Қысықова – соның айғағы. Қазір үш бірдей талантты әншіміз – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Италия жұлдызы орденінің кавалері Медет Шотабаев, сондай-ақ опера солистері Саян Исин мен Азамат Малышов «Мариинск» театрының «Приморск» сахнасында өнер көрсетіп жүр. Ал жуырда ғана жас дарын, Әйгерім Алтынбек 400-ден астам үміткердің арасынан суырылып шығып, атақты «Ла Скала» театры академиясында тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алды. Бұл – қазақ опера мектебінің әлемдік деңгейге ұмтылысының, талантты әншілеріміздің халықаралық сахнада өз орнын тауып келе жатқанының айқын дәлелі.

– Қазақстандық опера теа­трының негізгі түйткілдеріне қандай мәселені жатқызар едіңіз? 

– Әрине, өзім шығармашылық адамы болғандықтан, ең алдымен, шығармашылық мәселелерге тоқталғым келеді. Қазір елімізде опералық режиссер мамандары өте аз, саусақпен санарлық қана. Оның басты себебі – бұл мамандықты оқытатын арнайы жоғары оқу орны жоқ, тиісінше, кәсіби режиссерлерді даярлайтын мамандар да жетіспейді. Сондықтан театрлар жаңа қойылымдарды сахналау үшін жыл сайын шетелден режиссерлер шақыруға мәжбүр. Екіншіден, кейінгі жылдары кейбір опералық дауысқа тапшылық байқалады. Әсіресе драмалық тенорлар жетпейді. Ал бұл дауыс түрі кез келген опера теа­трының негізгі репертуарын құрайтын Верди мен Пуччинидің ең танымал шығармалары үшін аса қажет. Мысалы, Вердидің «Трубадур», «Аида», «Риголетто», Пуччинидің «Турандот», Чайковскийдің «Пиковая дама» сияқты опералары дәл осындай мығым тенорларға арналып жазылған. Сол себепті осы шығармалар еліміздің сахналарында соңғы жылдары сирек қойылып жүр. Қазақ операсынан да дәл осындай жағдайды «Біржан – Сара» туындысына қатысты байқауға болады. 

– Қазақ операсы үшін жаңа туындыларды жасап шығаруға жас композиторлар мен либ­рет­тистерді тарту үдерісі қалай жүріп жатыр?

– Қазақ операларының басым бөлігі ХХ ғасырда жазылды. Ал ХХІ ғасырда, яғни 2000 жылдан бері не бары төрт жаңа опера дүниеге келіп, сахналанған. Олар: Еркеғали Рахмадиевтің «Абылай хан», Алмас Серкебаевтың «Томирис», Тасқын Жармұхамедтің «Домалақ ана» және Хамит Шанғалиевтің «Хан Сұлтан» операсы. Бұл, әрине, өте аз көрсеткіш. Осы тұста бірнеше сауал туындайтыны орынды: біздегі музыкалық қоғамда опера жанр ретінде әлсіреп бара ма? Әлде опера жазуға құлшынысы бар, не қабілеті бар композиторлардың қатары азайып кетті ме? Мүмкін, мәселе театрлар тарапынан композиторларға жаңа опера жазуға тапсырыстың жеткіліксіздігінен туындап отыр ма? Қалай десек те, қазіргі сәтте бізге өткен ғасырда Брусиловский, Жұбанов, Төлебаев негізін қалаған ұлттық опера дәстүрін жалғастыра отырып, өзіндік қолтаңбасымен, өзгеше стильдік ізденістерімен опера жанрының талаптарына сай туындылар әкеле алатын нағыз опералық композиторлар ауадай қажет. 

– Әңгімеңізге рақмет!