23 тамыз күні Қарағанды – Анталия бағыты бойынша Fly Arystan әуе компаниясының рейсі 12 сағаттан аса уақытқа кешікті, деп хабарлайды Arasha.kz.
Бастапқыда таңғы 10:25-те ұшуы тиіс болған ұшақ техникалық себептерге байланысты әлі күнге дейін әуежайдан ұшпай тұр. Шамамен 200 жолаушы Қарағанды әуежайында күтуге мәжбүр.
Өзге қалалардан келген жолаушылардың айтуынша, әуе компаниясы қонақүй бөлмеген, сондай-ақ тамақтандыру мен қажетті жағдайды жеткілікті деңгейде қамтамасыз етпеген. Тасымалдаушы ұшақты ауыстыруға да құлық танытпаған. Бұл жағдай көпшіліктің ашу-ызасын күшейтті.
Fly Arystan баспасөз қызметі оқиғаға қатысты түсініктеме берді. Ресми мәліметке сәйкес, лайнер Қарағандыға қонғаннан кейін құспен соқтығысқан. Соның салдарынан қосымша техникалық тексеру қажет болған. Әуе компаниясы арнайы инженерді әуежайға жіберген.
"Жолаушыларға ыстық тағам мен сусын ұсынылды. Қонақүй ұйымдастырылмаған, өйткені рейстің кешігуі компанияның бақылауынан тыс жағдайға байланысты болды", – деді тасымалдаушы өкілдері.
Алдын ала жоспарға сәйкес, Қарағанды – Анталия FS 7917 рейсі кешкі сағат 22:40-та ұшуы тиіс.
Айта кетейік, соңғы уақытта Fly Arystan рейстеріне қатысты түрлі оқиғалар жиі орын алуда. Жақында Алматы әуежайында компания қызметкерінен қазақ тілінде жауап беруді талап еткен жолаушының әрекеті дау-дамайға ұласып, рейстің кешігуіне себеп болған еді.