Logo
Іздеу
Айдарлар

Электронды құжат айналымында монополия пайда болды ма?

/
Электронды құжат айналымында монополия пайда болды ма?
Фото: ашық дереккөзден алынды

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі (БҚДА) электрондық құжат айналымы нарығына талдау жүргізіп, «Documentolog» ЖШС-нің әрекеттеріне қатысты заңбұзушылықтарды анықтады. Талдауға себеп – компания жұмысына байланысты агенттікке түскен шағымдар болды.

Агенттіктің мәліметінше, «Documentolog» жүйесі үш жыл бойы басқа платформалармен («Work Space», «Meta Doc», «Somnium») хат алмасуға кедергі келтірген. Бұл ретте компания электронды құжаттарды тек өзінің «Қазақстандық электрондық деректер алмасу орталығы» шлюзі арқылы ғана ақылы негізде қабылдауды қарастырған. Бұл жағдай заңға қайшы: «Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы» Заңның 24-бабына сәйкес құжаттарды қабылдамауға тыйым салынады.

2021–2024 жылдары нарықта үстем жағдайға ие болған «Documentolog» ЖШС-не Агенттік ескерту жібергенімен, компания оны мойындамаған. Осыған байланысты 2025 жылдың сәуірінде БҚДА-ның Астана қаласы бойынша департаменті ресми тергеу бастады. Серіктестік тергеуді тоқтату үшін сотқа жүгінгенімен, бірінші инстанция соты олардың талаптарын қанағаттандырмады.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі де бұзушылықты растап, компанияға заң талаптарын орындау жөнінде акт енгізді. Нәтижесінде «Documentolog» құжат алмасуды бұғаттауды тоқтатты, ал жүйеге хат-хабарлар қазір кедергісіз қабылданып жатыр.

2025 жылы компания өз бағдарламалық қамтама лицензияларын министрліктің балансына өткізгенімен, бастапқы кодқа және зияткерлік меншікке айрықша құқықты өзінде қалдырды. Бұл нарық қатысушыларының алаңдаушылығын туғызып отыр: олардың пікірінше, мұндай жағдай «Documentolog»-тың үстемдігін сақтап қалуға мүмкіндік береді әрі басқа жүйелердің дамуына кедергі келтіреді. Сонымен қатар, болашақта мемлекет техникалық қызмет көрсету шығындарын дәл осы компаниядан сатып алуға мәжбүр болуы ықтимал.