Атыраудағы мектептің оқу ісі бойынша меңгерушісі мен ІТ маманына қатысты жайтта тың дерек пайда болды, деп хабарлайды Arasha.kz.
35 жастағы Бейс Серікбайдың айтуынша, ол 2013 жылы №30 орта мектепке жұмысқа орналасқан. Сол кезде мектептің оқу ісінің меңгерушісі оған алғашқы жалақысын атап өтуді ұсынған.
Мерекелік бас қосу аға әріптесінің үйінде жалғасып, ол жерде тағы екі ер адам болған. Бейстің сөзінше, отырыстан кейін ол есінен танып қалып, таңертең оянғанда өзін жалаңаш күйде оянғанын көрген.
Аталған жазба әлеуметтік желіде жүздеген пікір жинап, қызу талқыға түсті.
Қазіргі таңда Бейс Атыраудан көшіп кеткен, Алматыда тұрады. Ал аты аталған бұрынғы мектептің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі Дулат Далиев кейінгі жылдары Атырауда мансабын жалғастырған. 2024 жылы облыстық білім басқармасы жанындағы қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының бөлімін басқарған және "Үздік педагог-2024" байқауында қазылар алқасының төрағасы болған. Қазір мектепте мұғалім болып қызмет етеді.
Дулат Далиев әлеуметтік желілерде тағылған айыптарды үзілді-кесілді жоққа шығарып, ар-намысын қорғау үшін сотқа жүгінгенін хабарлады.
Атырау облыстық білім басқармасы да ресми мәлімдеме жасады:
"Әлеуметтік желілерде жарияланған, жалпы білім беретін мектеп мұғаліміне қатысты жазбаға байланысты басқарма тексеріс жүргізеді. Сонымен қатар, осы жазбаны жариялаған азаматқа құқық қорғау органдарына жүгініп, оқиғаның жан-жақты әрі әділ қаралуына мүмкіндік беру ұсынылады", – делінген хабарламада.