Logo
Іздеу
Айдарлар

Қаралы хабар: Қазаққа танымал журналист 69 жасына қараған шақта көз жұмды (ФОТО)

/
Қаралы хабар: Қазаққа танымал журналист 69 жасына қараған шақта көз жұмды (ФОТО)
ашық дереккөзден

Қазақ әдебиеті мен журналистикасының дамуына өлшеусіз үлес қосқан жазушы, публицист, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одақтарының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Құрметті журналисі Қайым-Мұнар Табеев өмірден өтті, деп хабарлайды Arasha.kz.

Қайым-Мұнар Табеев 1956 жылы 5 мамырда Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданындағы «Шолпан» кеңшарында дүниеге келген.

Ол 1981 жылы Қазақ мемлекеттік Заң университетінің аспирантурасын «социолог-заңгер» мамандығы бойынша тәмамдаған. Кейін 1999 жылы осы оқу орнында қайтадан аспирантураны аяқтап, 2002 жылы Алматы мемлекеттік басқару институтында, ал 2004 жылы ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік қызмет академиясында біліктілігін жетілдірген.

Шығармашылық жолын 1981 жылы республикалық «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінен бастаған. Кейін «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан» секілді беделді басылымдарда тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі болды.
1994–1996 жылдары Қазақстан Президенті баспасөз қызметінде кеңесші қызметін атқарды. Бұдан бөлек Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігінде, Алматы қаласы әкімдігінде жауапты лауазымдарда еңбек етті. Соңғы жылдары Алматы қаласы әкімі аппаратының ұлт саясаты бөлімін басқарды.

Қаламгердің шығармашылық мұрасы мол. Оның қаламынан шыққан «Шырқа, керней» (1983), «Ар өлшемі» (1984), «Қатарда жүр қарт солдат» (1985), «Халық қалаулылары» (1987), «Байғазы» (1989), «Алматы. Желтоқсан – 86» (1991) сынды жинақтары мен «ХХ ғасырдың обасы» (1989), «Мұзда жанған алау» (1993), «Қайсар рухты қазақ» (1994), «Қазақтың желтоқсаны» (2006) атты кітаптары оқырманға жақсы таныс.

Сонымен қатар, ол 1989 жылы Қазақстан Жазушылар одағы жанынан құрылған Адам құқығын қорғау комиссиясының жауапты хатшысы болды. 2006 жылдан бастап Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі әрі Алматы қалалық атқару хатшылығын басқарды.

Журналистикадағы еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Ол Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының (1990) және Қазақстан Жастар одағы сыйлығының (1994) лауреаты атанды. Әр жылдары түрлі республикалық байқауларда жеңімпаз болып, «Астанаға 10 жыл» медалімен және бірқатар Құрмет грамоталарымен марапатталды.