Бірнеше жыл бұрын Ақмола облысы Қорғалжын ауданында табылған көне сүйектер өткен аптада қайта жерленді. Солардың арасында Қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірі –Жәнібек ханның сүйегі болуы мүмкін, деп хабарлайды Arasha.kz.
2020 жылы Жәнібек-Шалқар кесенесін қазу барысында алты адамның сүйегі табылған. Одан бірнеше жыл бұрын бұл жерден көне қыш кірпіштер шыққан еді.
«Сүйектер қазып алынып, табылған жері бойынша Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейіне тапсырылды. Олар қайта жерленгенге дейін музей қорында сақталды», – деп хабарлады Қорғалжын ауданы мәдениет бөлімі.
Музейде сақталған кезде ғалымдар генетикалық зерттеу жүргізген. Нәтижесінде сүйектер XV ғасырда өмір сүрген, Шыңғысхан әулетіне жататын ер адамға тиесілі екені анықталды, деп жазды Orda.kz.
«Генетикалық зерттеу, радиокөміртекті сараптама және топонимика бұл сүйектер XV ғасырда өмір сүрген Шыңғысхан әулетінің өкілі – Жәнібек есімді адамның болуы мүмкін екенін көрсетеді».
Қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірі де шынында XV ғасырда өмір сүрген Жәнібек есімді Шыңғысхан ұрпағы болатын.
«Жергілікті халықтың өтінішіне байланысты біз сүйектерді табылған жерінде қайта жерлеу туралы шешім қабылдадық. Жерлеу рәсімі имамның қатысуымен мұсылмандық дәстүрге сай өтті», – деді мәдениет бөлімі.
Қорғалжын ауданының әкімі Алмас Алин қайта жерлеу рәсімінің видеосын фейсбукте жариялады. Оған аудан басшылығы мен бірқатар археолог-ғалымдар қатысты.
Сонымен қатар Қорғалжын ауданында хан Керейдің де қабірі болуы мүмкін деген болжам бар. Бұл жорамал топонимикаға сүйеніп айтылуда.
Алайда мәдениет бөліміндегілер әзірге бұл Жәнібек ханның серіктесі Керей хандікі екеніне толықтай сенімді емес.