Logo
Іздеу
Айдарлар

Ұлттық ұланда жаңа техника: Сарбаздар көлікпен күзгі вальс орындады

/
Ұлттық ұланда жаңа техника: Сарбаздар көлікпен күзгі вальс орындады

Құқықтық тәртіп әскерінің автопаркі жаңа көліктермен толықты. Су жаңа көлік иеленген Ұлттық ұланның жүргізушілері кәсіби шеберліктерін ерекше тәсілмен көрсетті. Олар саптық алаңда автокөліктердің көмегімен күзгі вальс орындап, көпшілікті қабілеттерімен тәнті етті, деп хабарлайды Arasha.kz.

Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының елордалық жедел құрамасына қызметтік автокөліктерді тапсырудың салтанатты рәсімі өтті. Іс-шара барысында жеке құрамға 32 жаңа қызметтік автокөліктің кілті табысталды.

Бұл тарту Ұлттық ұлан әскеріне Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен берілді. Аталған көліктер әскери бөлімнің материалдық-техникалық базасын жаңартуға және әскери қызметшілердің жауынгерлік қызметке даярлығын арттыруға бағытталды. Жаңа техника қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, жедел әрекет ету және өзге де қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындау үшін пайдаланылатын болады.

Іс-шараға Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабеков арнайы қатысты. Ол жаңа автокөліктердің елорданың қауіпсіздігін сақтауда айрықша маңызға ие екенін баса айтты.

"Жаңа автокөліктер сіздерге қызметтік міндеттерді тиімді орындауға, кез келген жағдайда жедел әрі батыл қимылдауға мүмкіндік береді", – деді генерал-майор Аңсаған Балтабеков.

Бүгінде Ұлттық ұлан әскери қызметшілері еліміздің ірі қалаларында қоғамдық қауіпсіздікті сақтау бағытында тәулік бойы ішкі істер органдарымен бірлесіп қызмет атқаруда. Осы ретте жаңа автокөліктердің берілуі тәртіп сақшыларының қозғалысын жеделдетіп, іс-қимыл мүмкіндіктерін арттырады.

Айта кетейік, осындай су жаңа автокөліктер құқықтық тәртіп әскерінің Алматы қаласындағы бөліміне де жеткізілді.

Жаңа көлік тізгіндеген жауынгерлер қуанышты сәтті айрықша атап өтті. Олар су жаңа көліктерді қаз-қатар тұрғызып, вальс биін ұсынды. Автокөліктерді асқан шеберлікпен басқара білген жауынгерлер жаңа техниканың қаншалықты икемді әрі ыңғайлы екенін би арқылы байқатты.

Ендігіде Ұлттық ұлан сарбаздарына берілген бұл заманауи техникалар ірі шаһарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде маңызды рөл атқарары сөзсіз.

Еске салайық, 2025 жылдың алғашқы жартысында Ұлттық ұлан әскери қызметшілері заңсыз айналымнан 173 қару-жарақ пен оқ-дәріні, 828 грамм есірткіні тәркілеп, тыйым салынған заттарды өткізуге қатысты 77 әрекетті тоқтатқан еді. Сонымен қатар, қоғамдық тәртіпті бұзған 10 мыңға жуық азамат полицияға жеткізіліп, олардың 379-ы қылмыс жасады деген күдікпен ұсталды. Бүгінде еліміздің ішкі қауіпсіздігін сақтау мақсатында 7 мыңнан аса жауынгер күн сайын қызмет атқарады.