Халық әртісі Мақпал Жүнісова әлеуметтік желіде анасына тіл тигізген пікір иесіне ашуланды. Әнші Instagram парақшасында анасының шаңырағына тосыннан барған сәтін бөлісті, деп хабарлайды Arasha.kz.
"Анамның үйіне айтпай барып, тосын сый жасадым. Аналарымыз аман болсын! Бауырларыммен қауышып, шай ішіп отырмыз", – деді өнер иесі.
Желі қолданушылары бейнеде дастархан басында ер адамдар отырса да, бата берген әншінің анасы болғанына ерекше назар аударды. Кейбірі мұны сынға алса, енді бір бөлігі ананың батасын қолдап, жылы пікір білдірді.
"Жесір әйел бата бермейтін еді", "Еркектер отырғанда әйелдің бата беруі дұрыс па?", "Бұл үйде шешесі басшы екені көрініп тұр", "Ананың батасы – ең қымбат", "Ананың тілегі қабыл болсын" деген түрлі пікірлер жазылды.
Алайда Мақпал Жүнісова анасын қорлаған пікірге шыдамай, қатты сөйлеп жауап берді.
"Не оттап отырсың?! Анасы ұл-қыздарына бата беруге болмайды дегенді бірінші естіп отырмын. Әкеміз өмірден озғалы анамыздың батасымен келе жатырмыз. 11 құрсақ көтерген анама қатын деуге хақың жоқ?! Нағыз есалаң сенсің!" – деп ашуланды әнші.