Белгілі әнші Тамара Асардың жұбайы Бекмырза Жұмаштың алғашқы некесінен туған ұлы Әлішердің қазасына байланысты жаңа деректер белгілі болды. Бұл туралы продюсер Жан Мұқанов әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады, деп жазады Arasha.kz.
"Жігітті жер қойнына тапсырдық. Бар болғаны жиырма екіде еді... Алда тұтас бір өмір күтіп тұрғандай еді. Енді тек – тыныштық. Тек – қара жер. Қайғыдан есеңгіреген туыстары, жылап тұрған жақындары. Әке – қайғыдан қатып қалған тас секілді. Қасында – достары, сыныптастары. Бәрі сенгісі келмейді, бұл шындық емес сияқты. Мен үнсіз тұрмын. Өйткені не айтуға болатынын білмеймін. Жаңа ғана басталған өмірдің осылай ерте үзілгеніне не деуге болады?.. 8 қараша күні Қостанайда Жұмаштың ұлы Әлішердің қырық күні өтеді. Маңыздысы – қан емес, жүректің байланысы. Әлішер Тамараның туған баласы болмаса да, ол үшін туған ұлындай болып кеткен. Тамара мен Бекмырзаның ұлы Қамбар мен қыздары Ажар үшін де ол – бауыр еді", – деп жазды продюсер.
Жан Мұқанов марқұмның өліміне не себеп болғанын да атап өтті. Оның айтуынша, Әлішер Ақтөбеде досының үйлену тойына барған кезде жол-көлік апатына түсіп, мерт болған.
Бұған дейін Қостанай облысы Наурызым ауданының әкімі Мәди Өмірзақұлы Ихтиляпов Әлішердің мезгілсіз қазасына байланысты көңіл айтып, отбасының қайғысына ортақтасқан болатын.