Қазақстанның кейбір аймақтарында жер асты суының қоры азайып, бұрынғы скважиналар құрғап қалған. Жаңа су көздерін табу қиындап, бұл мәселе ел үшін маңызды экологиялық және әлеуметтік проблемаға айналды. Осыған байланысты су үнемдеу және су ресурстарын тиімді пайдалану ісі күн тәртібіндегі өзекті бағыттардың біріне айналып отыр, деп хабарлайды Arasha.kz.
Осы тақырып төңірегінде ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Керімқұлов түсініктеме берді.
«Бізде, Қазақстанда ауызсуға тұтынатын судың шамамен 40 пайызы ашық су көздерінен, ал 60 пайызы жерасты су көздерінен алынады. Нақты көлем бойынша мәліметті Су ресурстары және ирригация министрлігі жүргізіп отырады», – деді ол.
Маманның айтуынша, су үнемдеудің ең тиімді тетігі – есептегіш құралдарын орнату. Бұл – судың нақты көлемін бақылауға және әр адамның тұтынған мөлшеріне қарай ақы төлеуіне мүмкіндік береді.
«Ұлттық жоба аясында еліміздің барлық қалаларында су есептегіш құралдарын орнату жоспарда бар. Бұл – судың нақты балансын бақылауға және халықтың артық төлемеуіне жағдай жасайды. Мысалы, егер тұрғын бір айда 3 текше метр су пайдаланса, тек сол көлемге ғана ақы төлейді. Егер есептегі айырмашылық байқалса, тұтынушы шағым түсіріп, нақты тұтынған суына сәйкес төлем жасай алады. Бұл жүйе әрі әділ, әрі тиімді», – дейді Нұрсұлтан Керімқұлов.
Сонымен қатар, су ресурстарын үнемдеудің тағы бір маңызды бағыты – ағынды суларды қайта пайдалану.
«Ұлттық жоба аясында 45 қалада кәріз тазарту ғимараттарын салу немесе қайта жаңарту қолға алынуда. Бұл жобаның негізгі мақсаты – тазартылған суды ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласында қайта пайдалану. Осылайша, табиғи су ресурстарына түсетін жүктемені азайтып, экожүйенің тепе-теңдігін сақтауға болады», – деді ол.
Қорыта айтқанда, су үнемдеу мәселесі бүгінде мемлекеттік деңгейде жүйелі түрде қолға алынуда. Есептегіш құралдарын орнату, тазарту және қайта пайдалану инфрақұрылымын дамыту — су тапшылығын азайтып, болашақ ұрпақ үшін табиғи қорларды сақтаудың тиімді жолы болмақ.