Қазақстаннан Қытайға өтетін шекарада шамамен 3 мың вагон жиналып қалды. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» мәлімдед, деп хабарлайды Arasha.kz.
Қазан айында Қытай тарапы Алтынкөл өткелінде тәулігіне қабылдайтын пойыздар санын 14-тен 10-ға, кейбір күндері 6-ға дейін қысқартқан. Сонымен қатар Қытайдың уәкілетті органдары астық өнімдерін терең тексеруден өткізіп, Үрімші және Бейжің қалаларында зертханалық талдау жүргізуде. Бұл тексерулер 5-10 тәулікке созылады. Соның салдарынан Қытайға бағытталған экспорттық және транзиттік жүктері бар вагондар Қазақстан аумағында жиналып қалды.
Қазіргі жиналу көлемі қалыпты деңгейден жоғары. Осы жағдайға байланысты ҚТЖ контейнерлік пойыздардағы кейбір экспорттық астықты тәулігіне үш құрамнан артық қабылдамау жөнінде уақытша шектеу енгізді. Бұл шара Қытай инфрақұрылымының қабылдау мүмкіндігіне сәйкес жұмысты реттеуге бағытталған. Жалпы Қазақстан темір жолы желісі қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.