Logo
Іздеу
Айдарлар

Қарағанды облысында сақ жауынгерінің бүтін сақталған жерлеу орны табылды

/
Қарағанды облысында сақ жауынгерінің бүтін сақталған жерлеу орны табылды
Сурет: Қайныш Бұхарбай

Қарағанды облысында археологтар сақ дәуіріне жататын жауынгердің бұзылмаған қабірін анықтады. Бір метрден сәл астам тереңдікте зерттеушілер оң қолында қола қылыш ұстаған ер адамның қаңқасын тапқан. Қасында жебе ұштары мен алтын сырға жатқан, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бұл бірегей олжа биыл жазда Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайының археологтары Ақтоғай ауданындағы Қарабие қорымын қазу кезінде табылды. №1 қорғанның толығымен сақталғаны белгілі болды — мұндай жағдай сақ ескерткіштері үшін өте сирек кездеседі.

— Қабірдің жабынды тастарын алғаннан кейін, біз қаңқаны толық анатомиялық қалпында таптық. Оның оң алақанында қылыш болды. Мұндай олжаға жолықпағанымызға көп жыл болды, — дейді мұражайдың жалпы тарих, археология және этнография бөлімінің меңгерушісі Даурен Жүсіпов.

Жерлеу біздің дәуірімізге дейінгі VII–VI ғасырларға жатады және ғалымдардың пікірінше, ол элиталы жауынгерлер өкіліне тиесілі. Ерекше назар аудартқаны – ұзындығы шамамен 30 сантиметр болатын қос жүзді тұтас құйылған қола акинак. Қару дала жыртқыш құстарының бейнелерімен өрнектелген.

— Мұндай пішіндегі және безендірудегі семсер Қазақстан аумағынан бұрын-соңды табылған емес. Бұл жәдігер сақ дәуіріндегі металл өңдеу ісі мен көркемдік талғамның жоғары деңгейін айғақтайды, — деп атап өтті археолог, тарих ғылымдарының кандидаты Арман Бейсенов.

Қылыштың жанынан археологтар бес металл жебе ұшын және алтын сырға тапқан. Алтын әшекей жауынгердің қоғамдағы жоғары мәртебесін айғақтайды. Заттардың көркемдік стилі Талды-2 қорымынан табылған «Алтын адам» жәдігерлерімен үндес.

Барлық табылған бұйымдар облыстық мұражайдың қорына тапсырылмақ. Ғалымдар ежелгі жерлеудің құпиясын ашу үшін металлографиялық, радиокөміртекті және антропологиялық зерттеулер жүргізуге дайындалып жатыр. Зерттеу нәтижелері келесі жылы қыста таныстырылады.

Археологиялық жұмыстар Қарағанды облысы әкімдігінің және облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен жүргізілді.