Kaspi компаниясы өз клиенттеріне Apple Pay және Google Pay арқылы төлем жасау мүмкіндігі жақында қолжетімді болатынын хабарлады, деп жазады Arasha.kz.
Компанияның мәліметінше, көптеген қолданушылар, әсіресе шетелде жүрген кезде, Kaspi QR қолдану мүмкін болмаған жағдайда, балама төлем тәсілдерін сұрап келген.
"Біз қуана хабарлаймыз: бұл бағыттағы жұмыс қазірдің өзінде басталып кетті. Apple Pay және Google Pay жүйелері келесі жылдың басында іске қосылады. Жаңалықтарды бақылап отырыңыздар", – делінген Kaspi хабарламасында.
Kaspi атап өткендей, жаңа Kaspi Alaqan қызметі бар төлем жүйелерін алмастырмайды. Ол тек қосымша, ыңғайлы әрі қауіпсіз балама ретінде ұсынылады.
"Қол арқылы төлем – ең сенімді тәсілдердің бірі. Әр адамның алақаны ерекше, ал жүйе оны бірегей шифрланған үлгімен сәйкестендіріп, бір сәтте таниды", – деп түсіндірді компания өкілдері.
Kaspi.kz сонымен қатар Kaspi Alaqan жүйесінің Бірыңғай QR кодын алмастыруға арналмағанын және оның Ұлттық Банкпен бірлесе жүзеге асырылып жатқанын айтты.
"Біздің мақсат – клиенттерге кез келген банктің кез келген QR-коды арқылы төлем жасау мүмкіндігін беру", – делінген ресми мәлімдемеде.