Logo
Іздеу
Айдарлар

130 ұлттың ортақ шаңырағы: Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі мен жетістіктері

/
130 ұлттың ортақ шаңырағы: Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі мен жетістіктері

Жүз отыздан астам ұлт өкілі тұратын Қазақстан үшін мемлекет құраушы қазақ ұлты мен өзге этностар арасындағы татулық пен келісім – ел тұрақтылығының өзегі. Бүгінде еліміздегі әр ұлт өз мәдениеті мен дәстүрін сақтап, тілін дамытуға мүмкіндік алып отыр. Этностық қауымдастықтар өз мәдени орталықтарын ашып, шығармашылық ұжымдарын құрып, қоғам өміріне белсенді араласуда. Тіпті орыс, ұйғыр және басқа да тілдерде оқытатын мектептер мемлекет тарапынан қаржыландырылады, бұл – диаспоралардың еркін дамуына жасалған маңызды қолдау.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы болуы – этностардың ел өміріндегі орнын айқындайтын ерекше белгі. Ассамблея 1995 жылдың 1 наурызында Мемлекет басшысы Жарлығымен құрылған.

Қазір Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамында 583 мүше бар. Олар елдің саяси, әлеуметтік, мәдени және қоғамдық салаларына белсене атсалысып келеді. Парламентте Ассамблея атынан сайланған 30 депутат жұмыс істесе, 2024 жылы ҚХА шығармашылық ұжымдары қауымдастығы құрылып, 17 этномәдени бірлестік белсенді қызмет атқаруда. Бұл ұйымдар аз ұлттардың ұлттық өнері мен рухани мұрасын сақтауда маңызды рөл атқарады.

ҚХА ресми сайтындағы мәліметтерге сүйенсек, бүгінде Ассамблея аясында бірнеше ауқымды жоба жүзеге асуда. Олардың қатарында ел дамуына үлес қосқан тұлғалардың деректер базасын жасау, шығармашылық байқаулар, мәдени-ағартушылық және тарихи жобалар, волонтерлік бастамалар және Қазақстан мен қазақ тілін құрметтеуге бағытталған бағдарламалар бар.