Logo
Іздеу
Айдарлар

Біріккен ұлттар ұйымын реформалау – уақыт талабы

/
Біріккен ұлттар ұйымын реформалау – уақыт талабы
Сурет: Рixabay

Бірікке ұлттар ұйымын қазіргі заман талабына сай реформалау туралы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары үнемі айтып, халықаралық бастама ретінде көтеріп келеді.

Биыл біріккен ұлттар ұйымының құрылғанына 80 жыл болды. Атаулы халықаралық шараға барып, сөз сөйлеген президент Тоқаев БҰҰ мінберінен ұйымды реформалау мәселесіне тағы да тоқталып: «Бізге БҰҰ-ны реформалау жөнінде нақты ұсыныс әзірлейтін жоғары кәсіби және оны еш ойланбастан алға жылжытатын пікірлестер тобын құру қажет. Ұйым бүгінгі сын-қатерлерге және ертеңгі міндеттерге сай болуы керек. Біріккен Ұлттар Ұйымын жаңғыртуды көздейтін мұндай батыл әрекет Қауіпсіздік Кеңесін реформалаудан басталуға тиіс. Қауіпсіздік Кеңесінің құрамына Азия, Африка және Латын Америкасындағы ірі елдердің өкілдері ротация тәртібімен ұсынылуы керек. Сонымен қатар Қазақстан жауапкершілігі бар орта державалардың үні БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде барынша анық естілуі қажет деп санайды», - деп айтқан еді.

Президент айтып отырған біріккен ұлттар ұйымы қауіпсіздік кеңесінің тұрақты бес мүшесі: АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Франция саналады. Қауіпсіздік кеңесіне сайлау арқылы және уақытша кіретін елдер де бар. Алайда, тұрақты мүшелердің өзгермеуі ұйымның теңгерімді саясат және теңдік қағидасына қайшы келетінін көптеген сарапшылар көтеріп келе жатқан мәселе. Оған қоса, біріккен ұлттар ұйымы қауіпсіздік кеңесіне тұрақты бес елдің халықаралық қауіпсіздік, денсаулық сақтау, адам құқықтарына қатысты ұстаным мен көзқарастары әртүрлі ғана емес, бір-бірінен алшақ болуы да ұйымның халықаралық кикілжіңдер мен қақтығыстарды реттеудегі ролін төмендетті. Ұйым ХХ ғасырда соғыстар мен қақтығыстарды, адам құқықтары мен көп елдердің тәуелсіздігін алуына, гуманитарлық көмек беруде өте көп жұмыс істеп, шешуші рол атқарғаны белгілі.

Бірақ Укарина мен Ресей арасындағы соғыс, Газа секторындағы қырғында БҰҰ-ның әлсіздігі, бұрынғыдай ешкімге сөзін өткізе алмайтыны анық көрінді. Ол аз десеңіз, АҚШ президенті Дональд Трамп ұйымға қарасты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан және Адам құқықтары кеңесінен шықты. Ал БҰҰ-н екінші дүниежүзілік соғыстан соң құрған АҚШ өзі еді. Бұл да ұйымның қазіргі халықаралық саяси салмағы мен оның ықпалының қандай екенінің бір көрінісі десе болады. Сондықтан да Қазақстан президентінің БҰҰ-н реформалау қазіргі уақыт, замана талабы екенін айта отырып, оны үнемі халықаралық аренада көтеруі мәселенің шыныменде халықаралық саясатта аса өзекті екенін айғақтайды.