Logo
Іздеу
Айдарлар

28 жастағы жігіт ата-анасымен бірге тұрып, миллиондап ақша тапқан?

/
28 жастағы жігіт ата-анасымен бірге тұрып, миллиондап ақша тапқан?
Фото: коллаж arasha.kz

Батыс елдерінде жалдау ақысы шарықтап, жастарға жеке шығудың қиындап кеткен шағында 28 жастағы британиялық Ламар Мэнгал мүлде басқа жолды таңдады. Құрбы-құрдастары Лондон мен Манчестерге көшіп, жаңа өмір бастап жатқанда, ол туған әкесінің үйіне қайта оралып, шығынды барынша азайтуды көздеді.

IT компаниясында аккаунт-менеджер болып жұмыс істейтін Мэнгалдың есебі дәл келді: ол ай сайын табысының 80%-ына дейін жинап, бір жылда мыңдаған фунт шетке шығармай сақтап отырған. Әкесінің үйінде тұрған кезде айына шамамен 1000 фунт жинаған Ламар кейін өз күшімен 1400 фунтқа дейін жинай бастаған. Бүгінде оның жинаған қаржысы алты таңбалы деңгейге жеткен. Өз есебінше, осындай темппен ол 50 жасында ерте зейнетке шығуға мүмкіндік алады.

Ламарды үнемшілдікке итермелеген басты себеп – әкесінің үй алуда көрген қиындықтары.

“Мен де сондай жағдайға тап болғым келмеді. Қолымнан келсе, үйді уақытылы сатып алғым келеді”, – дейді ол.

Қазір ол әкесінің АҚШ-қа көшуіне байланысты қалыңдығымен бірге тұрады. Бірақ мүмкіндігі болса, ата-анасының үйінде әлі де біраз уақыт болар едім деп ашық айтады.

Жаһандық үрдіске айналып келе жатқан құбылыс

Reuters келтірген дерек бойынша, әлемде жастардың ата-анасымен бірге өмір сүруі қалыпты жағдайға айналып келеді. EY компаниясының 10 елде жүргізген зерттеуінде 18–34 жас аралығындағы жастардың 60%-ы ата-анасымен бірге тұратыны анықталған. Кореяда бұл көрсеткіш 78% – оларды тіпті “кенгуру буыны” деп атайды. АҚШ-та жастардың 46%-ы отбасылық үйден ұзап шықпаған. Мұндай жастарды “бумеранг ұрпақ” дейді, өйткені көбіне оқу үшін көшіп, кейін қайта оралады.

Қаржылық сауат жөніндегі маман Алекс Кинг жастардың үйде тұруына қоғам көзқарасы жұмсарғанымен, оның қауіпі бар екенін ескертеді.

“Жоспар – екі-үш жыл тұрып, ақша жинау. Бірақ үйде тұрғаныңда көп нәрсеге ақша кетпейді, сол өмір салтына үйреніп қалу оңай. Кейін жалдамалы баспанаға көшу ауыр тиеді”, – дейді ол..