Халықаралық валюта қоры 2026 жылғы сәуір айына арналған жаңартылған әлемдік экономикалық шолуын жариялады. Ондағы мәліметке сәйкес, Қазақстанның жан басына шаққандағы номиналды ішкі жалпы өнімі 17,5 мың долларға жеткен, деп хабарлайды Arasha.kz сайты Exclusive.kz-ке сілтеме жасап.
Салыстырмалы түрде айтсақ, 2025 жылы бұл көрсеткіш шамамен 14,8 мың доллар деңгейінде бағаланған. Осылайша, қысқа уақыт ішінде өсім шамамен 20%-ды құрады.
Жан басына шаққандағы ІЖӨ көрсеткіші елдегі өндірілген тауарлар мен көрсетілген қызметтердің бір адамға шаққандағы орташа көлемін білдіреді. Бұл көрсеткіш экономиканың даму деңгейі мен халықтың әл-ауқатын бағалауда маңызды индикаторлардың бірі саналады.
Орталық Азия елдері арасында Қазақстан экономика көлемі жағынан да, жан басына шаққандағы ІЖӨ деңгейі бойынша да көш бастап тұр. ХВҚ дерегіне сәйкес, көрші мемлекеттердің көрсеткіштері мынадай:
— Өзбекстан — 4 660 доллар
— Қырғызстан — 3 200 доллар
— Тәжікстан — 1 940 доллар
Экономистердің айтуынша, Қазақстандағы көрсеткіштердің өсуі өңдеу өнеркәсібі үлесінің артуымен және әлемдегі тұрақсыз жағдай аясында экономиканың сыртқы факторларға төзімділігінің біртіндеп күшеюімен байланысты.