Logo
Іздеу
Айдарлар

Бишімбаев бұрынғы әйелінің туған күніне қандай "сыйлық" беріп жіберген?

/
Бишімбаев бұрынғы әйелінің туған күніне қандай "сыйлық" беріп жіберген?
Informburo.kz

Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтіргені үшін сотталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Назым Қахарман туған күнінде күтпеген "тосынсый" алғанын видеода айтты. Ол Instagram парақшасында бұл туралы арнайы жазба жариялады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Назымның сөзінше, туған күнінің таңында туыстарының гүлдері мен жылы лебіздерімен қатар оған соттан екі конверт келіп түскен. Екі құжаттың да жіберушісі – Бишімбаев.

Алғашқысы – балалармен кездесудің тәртібін бекіту туралы талап арыз, ал екіншісі – Назым Қахарманға бұрын берілген, балаларды шетелге шығаруға рұқсат ететін сенімхатты қайтарып алу туралы ескерту.

Назымның айтуынша, Қуандық Бишімбаев бастапқыда сот шешімімен балаларды шетелге шығаруға келісім берген. Алайда арада он ай өткен соң бұл рұқсатты қайтарып алған. Енді балалардың елден тыс жерге шығуына толығымен тыйым салынған.

"Ол менің оған балалармен сөйлесуге мүмкіндік бермей жүргенімді, беделін түсіріп жатқанымды айтады", – дейді Назым Қахарман.

Оның пікірінше, бұл – Бишімбаевтың өзін қайта байланысқа мәжбүрлеу үшін жасап отырған әрекеті.

"Бұл жағдай көңіл-күйімді түсірмесе, күліп жіберер едім. Мұндай қадам жасайтынын іштей білгенмін", – деп жазды ол видеода қалдырған түсініктемесінде.

Еске сала кетейік, 2024 жылдың мамырында Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы бірнеше сағат бойы ұрып-соғып, көмек көрсетпей, аса қатыгездікпен өлтіргені үшін 24 жылға сотталды. Тергеу оның зорлық-зомбылықты жүйелі түрде жасағанын анықтаған. Бұл іс қоғамда үлкен резонанс туғызып, сот процесі алқабилердің қатысуымен тікелей эфирде көрсетілген болатын.