Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Халықтың мойнындағы микронесие қарызы 1,3 трлн теңгеге жетті

Халықтың мойнындағы микронесие қарызы 1,3 трлн теңгеге жетті
freepik.com

Қазақстанда микроқаржы ұйымдары көрсететін қызметтер бойынша халықтың қарызы өсіп, 2025 жылдың 1 қазанына қарай 1,3 трлн теңгеге жетті. Бұл туралы қаржылық реттеушінің 3-тоқсан қорытындысы негізінде белгілі болды, деп хабарлайды Arasha.kz.

2025 жылдың үшінші тоқсанында микроқаржы ұйымдарының жалпы активтері 1,7%-ға төмендеп, 3,5 трлн теңгені құрады. Оның ішінде:

  • микроқаржы ұйымдарының үлесі – 1,7 трлн теңге (47,8%);
  • несие серіктестіктері – 1,3 трлн теңге (37%);
  • ломбардтар – 526 млрд теңге (15,2%).

Активтердің азаюы көбіне микронесиелер портфелінің төмендеуімен байланысты.

Саланың жиынтық несие портфелі 3-тоқсанда 3,7%-ға төмендеп, 3 трлн теңгені құрады. Бұған бизнес субъектілеріне арналған микронесиелердің азаюы тікелей әсер еткен. Бизнеске берілген микронесиелер көлемі 7,7%-ға азайып, 1,8 трлн теңгеге түсті. Бұған "KMF" МҚҰ-ның екінші деңгейлі банкке айналуы да себеп. Бизнеске бағытталған несие үлесі жалпы портфельдің 58,4%-ын құрап отыр. Ал халыққа берілген микронесиелер керісінше, өсім көрсетті. Ломбардтар белсенділігінің артуы есебінен бұл көрсеткіш 2,3%-ға өсіп, 1,3 трлн теңгеге жеткен.

90 күннен астам мерзімі кешіккен қарыздар (NPL90+) деңгейі жалпы портфель бойынша 4,4% болды (жыл басында – 4,6%).

  • Халыққа берілген микронесиелер бойынша – 6,4% (жыл басында – 6%);
  • Бизнес портфелі бойынша – 3,3% (жыл басында – 3,1%).

Сектордың міндеттемелері алынған қарыздардың азаюынан 5,7%-ға төмендеп, 2,2 трлн теңгені құрады. Қорландыру құрылымында ең үлкен үлесті – 66,8% немесе 1,4 трлн теңге құрайтын сырттан алынған қарыздар алып отыр. Меншікті капитал тоқсан ішінде 5,8%-ға өсіп, 1,3 млрд теңгеге жеткен.