Logo
Іздеу
Айдарлар

БҚО-да мектеп директорына қатысты үлкен дау туды (ВИДЕО)

/
БҚО-да мектеп директорына қатысты үлкен дау туды (ВИДЕО)
Фото: коллаж arasha.kz

Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек ауданына қарасты Достық ауылында жергілікті мектептің басшылығы төңірегінде үлкен дау туындады. Ата-аналар мектептің бұрынғы директоры Светлана Голубеваны қызметтен кетіріп, енді оны педагог ретінде де жұмыс істетпеуді талап етіп отыр. Олар директорды «оқушыларды тілін бөліп-жарып қарады», «мектепте жағымсыз ахуал қалыптастырды» деп айыптаған. 

Umarovnews инстаграм парақшасындағы жазбаға қарағанда, жүргізілген тексеріс бұл айыптауларды растамаған. Директордың өзі де жағдайды басқаша түсіндіреді: оның айтуынша, қызметінен кетуіне кейбір ата-аналардың шағымы себеп болған. Олар жаңа мектептің ашылуындағы салтанатты жиынның қазақ тілінде өткеніне наразы болған көрінеді. Айта кетейік, Светлана Голубева — ұлты орыс болғанымен, қазақ тілін еркін меңгерген маман.

1 желтоқсанда жаңа директор таныстырылды

1 желтоқсан 2025 жылы Достық ауылындағы 22 қазанда ғана ашылған жаңа мектепте жиын өтіп, онда білім саласының өкілдері ұстаздарға жаңа директорды таныстырды. Жиынға Бәйтерек ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев, БҚО білім басқармасы басшысының орынбасары Ақжарқын Темірханова және аудандық білім бөлімінің жетекшісі Айнагүл Баянова қатысты.

Ал сырттай қарағанда кадрлық өзгеріс болып көрінетін бұл жиын ұзақ жылдарға созылған жанжалдың жалғасы болып шықты.

Ата-аналардың айыптауы қандай?

Ата-аналар бұрынғы директорға бірнеше мәселе бойынша наразылық білдірген:

– «ескі мектеп ғимаратын апатты жағдайға жеткізді»;
– «іс-шараларды тек мемлекеттік тілде өткізді»;
– «биология пәнінен сабақ өтпеді»;
– «оқушыларды тілдік ерекшелігіне қарай бөлді»;
– «жалпы мектепте психологиялық қысым тудырды».

Дегенмен ата-аналардың шағымынан кейін жүргізілген тексеріс бұл айыптауларды дәлелдеген жоқ деп жазылған жазбада. Соған қарамастан директор «ата-аналармен ортақ тіл табыса алмады және мектепте шиеленіс туғызды» деген негізбен қызметінен босатылған.

Журналистерді жиналыстан шығарып жіберді

1 желтоқсанда сағат 10:25 шамасында мектептің акт залына жиналған басшылар мен мұғалімдердің отырысы басталған кезде, журналистер жиынға қатысуға мүмкіндік ала алмады. Аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев пен облыстық білім басқармасының өкілі Ақжарқын Темірханова жиналыстың «ішкі форматта» өтетінін айтып, тілшілерден залды босатуды сұраған.